Сахана жерлеу дәстүрін естуіңіз бар ма?
Сахана жерлеу дәстүрін естуіңіз бар ма?
"Сахана" деген жерлеу пантеоны туралы естуіңіз бар ма? Мына суреттегі сахана - Қарағанды облысы, Ұлытау ауданындағы Шеңбер ауылында тұрған кесене. Мемлекет қорғауында.
Бір ғасырдан астам уақыт бойы Мақат деген бабаның кесенесіне Қыпшақ руынан шыққан кісілер жерленіп келе жатыр екен.
Қазірдің өзінде осы рудың адамдары Арқалыққа көшіп кеткенмен, әлі де марқұм болған туыстарын осы сахана арқылы жер қойынына тапсыратын көрінеді.
Бұл сахананың ең қызық ерекшелігі мынада: қайтыс болған адамның сүйегін сахананың ішіндегі қуысқа аққа орап, ары қарай түсіре салады. Қаншама адамның сүйегі жылдар бойы сол қуысқа түсіп, кетіп жатыр.
Ал, ол қуыс үңгірдің арғы жағында не барын, ол жаққа түсірілген мүрделер қайда кетіп жатыр, ешкім білмейді. Иіс шықпағанына қарағанда жер асты қуысы тым терең әрі дымқыл болу керек.
Мұндай саханалар Ақселеу Сейдімбектің айтуы бойынша, осы жерде, сосын Маңғыстауда бар екен. Бір кісі мұндай сахана Жаңарқада, Шет ауданындағы Қызылтаудың етегінде де бар деген. Ол сахана Тама руының пантеоны дейді.
Ал, енді бұл Ислам дінінің жерлеу дәстүріне жат нәрсе. Сонда бұл қандай өркениеттен бастау алады? Қызық.
Қазақтың атамекені - бұл Ұлы Даланың қойнауында нендей керемет құпия һәм тылсым жұмбақтар жасырулы жатыр десеңізші!
Ақберен ЕЛГЕЗЕК