Илон Масктың мәрттігінің астарында не жатыр?

27 Тамыз, 2019 463 0

Мамыр айының соңында Илон Масктың 60 интернет-байланыс спутнигі орбитаға сәтті ұшырылды. «Бұл – басы ғана», – деп жар салған америкалық кәсіпкер алдағы уақытта олардың санын 12 мыңға дейін арттырмақшы. Ол дегеніміз, қазіргіден бірнеше есе жылдам әрі сапалы ғаламтор қызметі. Жақсы жаңалық, әрине. Бірақ, астрономдар алаңдаулы. Ал, орыстар болса, Илон Макстың спутниктері шашқан вай-файды бұғаттап тастайтын технология құрастырып әлек. Неге?

КАБЕЛЬДІК ИНТЕРНЕТ ТАРИХҚА КЕТТІ! ХОШ КЕЛДІҢ СПУТНИКТІК ИНТЕРНЕТ!

Жуырда ғана 60 интернет-байланыс серігін ғарышқа аттандырған SpaceX компаниясының жаңа жобасына әлемдік ғалымдар осындай баға берді. Илон Маск пен оның «спутниктері» енді жердің кез келген нүктесін ғаламтормен жарылқаймыз деп иландырады.

Спутниктен интернет тарату идеясы 90-жылдарда сөз болғанымен, ХХІ ғасырда ғана нәтижесін бере бастады. Бірақ, оның өзінде кабельдік интернет желісімен бәсекелесе алмай келді. Рас. Спутник әп-сәтте планетаның үлкен аумағын қамти алады. Бірақ, кабельдік интернеттен қарағанда, жылдамдығы сәл шабандау. Өйткені, жерден сонау 500 шақырым аспандағы серікке сигнал жібересіз. Ол қабылдап, кейін қайта жіберем дегенше, 15-20 милисекунд кетеді. Бұл кәдімгідей ғаламтордың шапшаңдығына тұсау болары сөзсіз. Сондай-ақ, жер-серік бір орында тұрмайды, планетаны әр екі сағат сайын айналып шығады. Яғни сигнал қабылдаған нүктеге қайта оралу үшін, екі сағат кетеді. Бұл жағынан да тиімсіз еді.

Ал, Илон Маск бірден 60 спутник ұшырды. Бір аппарат сигнал қабылдаған аумағынан ұшып кеткенде, оның орнына келесісі тұра қалады. Осылайша жерге сигнал үздіксіз ағым ретінде барып тұрмақ. 

Айтпақшы, спутниктік желіге смартфонның көмегімен қосылу мүмкін емес. Олардың жердегі қызметі тек терминалдармен тікелей байланысты. Терминал деп отырғанымыз, жерсерік сигналын қабылдап, оны тұтынушының құрылғысына, роутерге, ноутбукке немесе компьютерге жеткізетін  көлемі пиццаның қорабы іспетті құрылғы. Болашақта 12 000 спутник бір сәтте 14 миллион терминалға қызмет көрсетуге қауқарлы болмақ.

Иә, Илон Маск барлығы 11 925 жер серігін алдағы 6-7 жылда іске қосуды жоспарлап отыр. Күні кеше ұшырылған спутниктердің әрқайсының салмағы 270 келі болса, ендігі жер серіктерінің түр-тұлғасы туралы SpaceX компаниясы жақ ашар емес.

SpaceX мұнымен шектелмейді. Енді 4G-ді шеттетпек. Алпауыт компания төмен баға мен жүйіткіген жылдамдық есебінен әлемдегі қалған провайдерлерді  іріктеп, нарықтан ығыстыруды көздеп отыр.

SpaceX неліктен Жердегі ең ірі провайдер болғысы келеді?

Бүгінде бүкіл әлемдік интернет-қосылым нарығының 50 пайызы, бір ғана компанияға тиеселі. Бұл жерде әңгіме миллиардтан астам клиенттер туралы болып отыр. Wall Street Journal деректеріне сәйкес, SpaceX 2020 жылдардың екінші жартысында коммерциялық ғарыштық ұшулардың әлемдік нарығынан жылына $5 миллиард, ал спутниктік интернеттен $30 миллиард түсім алуды жоспарлап отыр. Иә, SpaceX ғарыштық тасымалдаушыға айналғанға дейін, әуелі планетадағы ең ірі монополист-провайдер ретінде қалыптасуды армандайды.

Илонның айға шапқан мұндай амбициясының себебі қарапайым. Маск мырза, қазір салынып жатқан Starship жүйесінің көмегімен адамдарды Марсқа ұшыруды жоспарлап отырғаны баршаға белгілі. Бұл кеменің ішкі көлемі, орыстың ең алып Протон, америкалық Авангардтардан қарағанда, 800 текше метрден артық. Әлем елдері 3 жылда зорға аспанға аттандыратын спутниктердің баршасын, бұл алып зымыран бір ұшқанда-ақ көтеріп шығара алады. Әрі 4-5 жылда онысы дайын болып қалады. Бірақ, әзірге бір сәтте, мыңдаған серікті аспанға шығаруға планетаның әлеуеті жете қойған жоқ.

Сол үшін, Илон Маск орбитаға 12 мың спутникті, жыл сайын біртіндеп шығарып отырмақ. Зымыранды осы мақсатта пайдаланады. 12 мың серікті төбеге тасымалдап болғанша, спутниктер интернет сатып, өзінің құнын ақтайды. Әрі болашақта марсқа алып баратын уақыт туғанға дейін, SpaceX-тің алып зымырандарына жұмыс тауып береді...

Астрономдар: Илон Маск адамзаттың құндылығына қол сұқты

«Аспан - табиғи ресурс. Жер бетінде тұрып жатқан барлық адам бір аспанның астында өмір сүріп келеді. Және бұл - олардың құндылығы. Сондықтан біз үйренген түнгі аспанның табиғилығын сақтау қаншалықты маңызды екенін бағамдау қиын», - дейді астроном Алекс Паркер. Ол жасанды жерсеріктердің аспан әлемін зерттеуге кедергі келтіретініне алаңдаулы. Ғарыштық қоқыстың артуына қосар үлесі және бар.  SpaceX  орбитаға 12 мың спутник ұшыратын болса, аспаннан көрінетін жұлдыздар жасанды жерсеріктердің тасасында қалады. Орбитада бүгінде 2000 спутник жұмыс істеп тұрған болса, олардың саны артқан сайын, бір-бірімен соғысу қаупі де жоғарылай береді. Тиісінше, зарарын тартатын – Жер.

Десек те астрономдардың бұл дабылына Илон Масктың жауабы дайын.

Ол спутниктерді соғыстырмаудың амалын әуелден қарастырып қойыпты. «Құрылғылар құлаған күннің өзінде атмосферада еріп кететін материалдан жасалғандықтан, жерге жеткенше жоқ болады», деп жазды ол өзінің туиттердегі парақшасында. 

Айтпақшы, Роскосмос та «Сфера» спутниктік жүйесін өрістету ниеті туралы мәлімдеді. «Аталмыш жерсеріктердің техникалық деңгейін ескерсек, спутниктік интернет игілін көретін күн де алыс емес», - деген үміттің шетін шығарды.


Нұрбек БЕКБАУ,

журналист

Айғаным ДОСТАНБАЙ,

журналист




Тегтер: илон, маск, нұрбек, бекбау, спутник, қазақстан, әлем, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.