Мұғалім дәмханада ыдыс жуып жүр

25 Тамыз, 2019 361 0

Жаз айларында кафеде ыдыс жуушы болып жұмыс істеген Лаура атты әріптесіміздің әңгімесін оқыдым. «Күніне 3 мың теңге төлейді», – дейді. Күндіз базарда туыс апайына жеміс сатуға көмектеседі екен. Сауда жасап тұрғанда оқушысы мен оның анасы көргенін де айтады. «Енді бүкіл мектеп пен ата-аналар білетін болды, бірақ ол үшін еш қысылмаймын», – дейді.

Мен осы жерде Лаураны түсінемін. Мемлекет мұғалімді осындай жағдайға алып келгені үшін ұялмағанда үш баласы аш-жалаңаш қалмас үшін жанталасқан Лаура қарындасым неге ұялуы керек? «Екі айлық «отпускной» алады ғой, сол ақшаны үнемдеп жұмсаса жазда жетер еді» деп ақыл айтатын «экономистер» де шығатын шығар? Жал­ғыз мұғалімнің тапқаны төрт адамға қанша күнге жетеді?

Балаларының жас екені байқалады, Лаураның категориясы мен стажы да оңып тұрмаған болар? Бай жоқ. Және 1-қыркүйекте үш баланы мектепке дайындау, өзі алғашқы қоңырауға «шоколад» болып баруы тағы бар. Кредиті ше?

Екі ай мұғалімге демалыс үшін беріледі. Ал әріптесіміз, Абайша айтқанда, «есектің артын» емес, олардан қалған ыдысты жуып күнін көруде.

Тағы да «керемет мектептер саламыз, онда барлығы болады» дейміз. Айнала­йындар-ау, алдымен сонда жұмыс істейтін адамдар немен өмір сүреді, нені армандайды, қалай тұрады, нені талғажау етеді – соны білсеңдерші!

Өткенде бір мұғалім қарындасымның «таксовать» етіп жүргенін де жазғанмын. Бұл бірлі-екілі факт емес. Мұндай жағдай көп екенін білемін. Өзім де көріп жүрмін.

Елдегі орта жалақымен мұғалімнің орта жалақысы теңеспей бұл жоқшылықтан ол арыла алмайды.

 

Сұлтан СҮЛЕЕВ

Дереккөз: http://www.zamana.kz/kz/akparat/4184-damhanada-mugalim-ydys-juyp-jur-eken

Тегтер: мұғалім, қазақстан, қоғам

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.