Отандық машина жасау өндірісін дамыту үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

22 Тамыз, 2019 552 0

Дамыған елдегі экономиканың маңызды көрсеткіші – машина жасау өнеркәсібі. Қазақстан да өзінің экономикасын әртараптандыру үрдісінде машина жасау саласын дамытуға баса мән беруде. Бүгінде отандық машина жасау саласының әлеуетін арттыру үшін арнайы жол картасы бекітілді. Осы орайда елімізде бұл саланы дамыту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын біліп көрдік.

Өркениетті эконономиканың тұғыры

Қазақстанда машина жасау саласын дамыту 2000 жылдан бастау алады. Осы жылы елімізде машина жасау өндірісінің көлемі 46 млрд теңгені құрады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша машина жасау өнімінің өндіріс көлемі 1,1 трлн теңгені құрап, 18 жыл ішінде 24 есеге ұлғайды. Нәтижесінде отандық кәсіпорындар сала жиынтықтаушы және қосалқы бөлшектер өндірісінен өнімнің соңғы түрлерін өндіруге көше бастады. Қазақстанға General Electric, General Motors, Alstom, LG сынжы трансұлттық компаниялар келді. Осылайша, жаңа кіші салалар пайда болды: мұнай-газ машина жасау, автомобиль өнеркәсібі, темір жол машина жасау. Бұл отандық экономиканы әртараптандыруға септігін тигізді.

Жаңа мүмкіндіктер

Қазақстан премьер-министрінің 2019 жылғы 26 маусымдағы № 115-ө өкімімен ҚР машина жасауды дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Жол картасын Қазақстан машина жасаушылар одағымен бірлесіп, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірледі.Бұл құжат машина жасау саласын дамытудың орта мерзімді перспективаға арналған стратегиялық көрінісі болып саналады.

Құжаттың басты мақсаты – отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және саланың экспорттық әлеуетін арттыру.

Жол картасына отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру, техникалық реттеу шараларын жетілдіру, экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізу көзделген.

Саланы ынталандыруға бағытталған үш бағыт

Жол картасы отандық машина жасауды ынталандыруға бағытталған үш негізгі аспектілерді қамтиды.

Бизнес өкілдерінің сенімділігі артты

Бірінші. «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының заңын қабылдау. Құжатты қабылдау мемлекеттің аумағында орталықтандырылған және теңгерімді өнеркәсіп саясатын жүргізуге мүмкіндік береді, өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау көрсету процесі мен шарттарын жүйелейді және жеңілдетеді. Инвесторлар өнеркәсіптің өңдеуші салаларындағы жобаларды іске асыру үшін қосымша ынталандырулар алады. Осы заңның қабылдануымен бизнес өкілдерінің сенімділігі күшейіп,  іскерлік белсенділігі артты.

Еңбек өнімділігін арттырудың жаңа тетіктері

Екінші. Жол картасымен ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанындағы Қазақстан өнеркәсібін дамыту қорын құруға бастама жасайтын тармақ қарастырылған.Мұндай қорлар Ресейде, Беларусьте, ЭЫДҰ елдерінде табысты жұмыс істейді. Олар жылдық 1-4% мөлшерлеме бойынша қарыз береді, лизинг жобаларына қарыздың пайыздық мөлшерлемесі 1% құрайды. Мысалы, Ресей тәжірибесі бойынша қор өз қаражатын білдек жасауды, конверсияны, жинақтаушы бұйымдарды, өнеркәсіпті цифрландыруды, еңбек өнімділігін арттыруды қаржыландыруға бағыттайды.

Қорлар қызметінің тиімділігі өнеркәсіпті қолдаудың жалпы саясатының бір ұйымда шоғырлануымен, мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне нақты мониторинг пен талдаудың жүргізілуімен негізделеді.

Салықтық жеңілдіктер

Үшіншісі. Салықтық преференциялар. Бұл шара қолданыстағы қуаттарды жаңғырту, әрі отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында ұсынылады.

Жаңа технологияларды енгізу, инвестицияларды ұлғайту, өндіріс көлемі мен оқшаулау деңгейі бойынша өзіне міндеттемелер алатын кәсіпорындар үшін Қазақстанда өндірілген машина жасау өнімдерін сату бойынша айналымға ҚҚС нөлдік мөлшерлемесін қолдану болжанып отыр.

Жаңа белестер

Қазақстанда машина жасауды дамыту жоспарлары экономика салаларын дамыту жоспарларымен тығыз байланысты екенін түсінуіміз шарт. Сондықтан Қазақстанның машина жасаушылары оларды іске асыру, алдын ала дайындалу және машина жасаудың тиісті кіші салаларын нығайту және база дайындау үшін өнеркәсіп салаларын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарларын құра білу тиіс.

Осы мақсатта жыл сайын одақ Қазақстанның машина жасаушыларының халықаралық форумын өткізеді. Биыл VII Форум 12-13 қыркүйек күндері EXPO Конгресс орталығында өтеді.

Форумға дәстүрлі түрде 1 мың делегат, қазақстандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындарының, квазимемлекеттік сектордың, даму институттарының, салалық қауымдастықтардың басшылары қатысады.

Шара нақты диалог алаңына айналған. Оған жыл сайын Германия, АҚШ, Жапония, Италия, Чехия, Ресей, Қытай және әлемнің 30-дан астам елінен келген шетелдік делегаттар қатысады. Нақты жоспар және шетелдік білікті мамандармен тәжірибе алмасу машина жасау саласының болашақта ел экономикасының берік тұғырына айналатынына сенім ұялатады.

Дәурен Бек

Сурет: riarating.ru


Тегтер: машинажасау, экономика, көрсеткіш, өндіріс

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.