Жаңалықтар

«Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздары белгілі болды

«Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздары белгілі болды

 width= «Мың бала» олимпиадасының 5 мың финалисі Елбасы Академиясының Вirge oqý онлайн мектебінде тегін білім алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының басқарушы директоры Әнуар Жанғозин айтты. Оның атап өтуінше, ауылдық жерлердегі дарынды оқушылардың қабілетін дамытуға және қолдауға бағытталған «Мың бала» олимпиадасы екі жыл ішінде 5-6 сыныптағы 400 мыңнан астам оқушыны қамтыды. Биыл олимпиада алғаш рет онлайн форматта өтті. «Олимпиадаға 5-6 сыныптың 150 мыңға жуық оқушысы тіркелді. I кезеңге 96 мыңнан астам оқушы қатысты. Алғашқы кезеңнің нәтижесімен өңірлер бөлінісінде ең жоғары нәтиже көрсеткен 5000 финалист іріктелді. Олардың орташа балы 400 баллдан 343 баллды құрағанын атап өту керек. Бұл ауыл оқушыларының жоғары дағдылық деңгейін көрсетеді», - деді «Елбасы Академиясы» КҚ басқарушы директоры. Әнуар Жанғозинның айтуынша, II кезеңге 5 мың финалист өтіп, ауылдың ең қабілетті мың оқушысы жеңімпаз атанды. Олар енді еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде, атап айтқанда, Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде және «Дарын» мамандандырылған мектептерінде, Елбасы Академиясы Birge Oqý онлайн мектебінде оқиды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Елбасы Академиясы ұйымдастырған олимпиаданың 5 мың финалисі Вirge oqý онлайн мектебінде тегін оқиды. Онлайн мектепте еліміздің ең үздік ұстаздары ауыл оқушылары үшін қосымша сабақ береді. Сабақтар синхронды және асинхронды форматта ұйымдастырылған. Оқу процесі екі ауысымда жүргізіледі. 2020-2021 оқу жылында 9 мыңнан астам онлайн сабақ өткен. Сабақ жиілігі: аптасына 5 сағат. Сабақтың ұзақтығы: 1 сағат. Қазір онлайн мектепте 42 мұғалім сабақ береді. Олар: өңірлік Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, Республикалық физика-математика мектебінің және Нұр-Сұлтан қаласы лицейлерінің ұстаздары.
«Біз дәстүрлі оқытуды онлайн-аналогтармен алмастыруды мақсат етпейміз. Сонымен қатар, онлайн оқыту дәстүрлі мектепті сәтті толықтыра алатынын көрдік. Сондықтан, жақын арада біз 10-11 сынып оқушыларын тек ауыл мектептеріне ғана емес, қала мектептеріне де оқыту үшін жобаны кеңейтуді жоспарлап отырмыз және қосымша 10 мыңға жуық оқушыны, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды да қамтуға дайынбыз. Тілдік құзыреттер мен математикалық сауаттылық дағдыларын дамытуға баса назар аударылады. Сондай – ақ, бітіруші сынып оқушыларын даярлау үшін ҰБТ-ның міндетті пәндерін енгізу мүмкіндігін қарастырамыз», - деді Әнуар Жанғозин.