Қарқаралыда адасып кеткен жас жұбайлар табылды

10 Шілде, 2018 977 0

Қарағанды облысында табиғат аясына демалысқа шыққан жас жұбайлар адасып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

ТЖД мәлімдемесіне қарағанда, кеше 22:53-те Қарқаралы ұлттық табиғи паркіне қарасты тауда екі адамның адасып кеткені туралы хабар келіп түскен. Демалыс үйлерінің бірінде демалып жатқан жұбайлар Шайтанкөлдегі экскурсиядан қайтарда жол қысқарту үшін сүрлеуден шығып, орман аралап кеткен. 

Бір жарым сағаттай жүрген соң, бағдарды таба алмайтынына көз жеткізген олар «112» нөміріне қоңырау шалған. Құтқарушылар тобы адасқандармен телефон арқылы байланыса отырып, олардың қай жерде тұрғанын шамамен анықтаған. Қараңғы түсіп, көз байланғандықтан, іздестіру-құтқару істері қиындап кетті. Соған қарамастан, бір сағатқа созылған амалдар нәтижесін беріп, жас жұбайлар табылды. Ерлі-зайыптыларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқарушылар жұбайларды демалыс аймағына жеткізіп салды. Қарағанды облыстық ТЖД орманға шығарда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

 

Тегтер: қарқаралы, жас, жұбайлар, құтқарушылар, тжд

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.