«Ұнамаса, кетіңдер!»: СҚО-ға оңтүстіктен көшіп барған тұрғындар әкімнен сөз естіді
«Ұнамаса, кетіңдер!»: СҚО-ға оңтүстіктен көшіп барған тұрғындар әкімнен сөз естіді
Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылына мемлекеттік бағдарлама арқылы көшіп келген тұрғындардың жергілікті билікке деген өкпесі қара қазандай. Берілген үйлердің сапасы сын көтермейді. Жұмыс тауып беру туралы уәде де далада қалған. Базынасын аудан әкіміне айтамыз деген тұрғындар шенеуніктен сөз естіп тынды. Айтуларынша, бағдарлама қатысушыларына шенеунік: «Сендерді мен шақырған жоқпын, келген жақтарыңа кетіңдер, жол шығынын өзім-ақ өтеп беремін» деп шығарып салған. «Сенген қойым сен болсаң...» демекші, лауазымды тұлғадан мұндай дөрекілікті күтпеген тұрғындар енді қайда барарын білмей дал. ӘКІМ ШАҒЫМДЫ ТЫҢДАҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ Майра Әлішбаева Жамбыл облысының Шу ауданынан қоныс аударған. Қаңтар айынан бері Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Аққайың ауданының Астраханка ауылында тұрып жатыр. Үйінің құжаттары дұрыс болмағандықтан 5 ай бойы тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеле алмаған. Мамандығы – аспаз. Өзіне ыңғайлы жұмыс та табылмапты. Күйеуі ауылдық кітапханада еңбек етіп жүр. Жуырда кішкентайлы болған келіншек бала күтімімен үйде отыр. Мемлекеттік бағдарлама қатысушысының әкімдік тарапынан берілген үйдің сапасына көңілі толмайды. Құрылысы талапқа сай жүргізілмегендіктен дым тартып, қабырғалары сөгіле бастаған. Қожайындары жаңа салынған үй осы бастан сыр беріп жатқандықтан, ертеңгі күні не боларына алаңдаулы.
«Үйдің қай қабырғасын алсаң да, жарылып жатыр. Еден суық. Үстіне төсеген линолеум жиырылып, жыртылып жатыр. Шағымымызды ауылдық округ әкіміне айттық. Одан кейін аудан басшысына жолықтық. Нәтиже болмаған соң, облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа да бардық. Соңғысына кіргізген жоқ. Бір сағаттай отырдық. Аққайың ауданы әкімінің орынбасары, жұмыспен қамту бөлімінің жетекшісі соңымыздан Петропавлға жетті. Бізге өкпелерін айтты. Барлық мәселелердің шешімі жергілікті жерде табылатынын жеткізді. Ертеңіне шақыртумен аудандық әкімдікке бардық. Кабинетіне кірген бетте әкім зілмен қарсы алды, ашулы екен. Біздің облыс әкіміне жазған хаттарымыздың барлығы алдында жатыр. Нұрлан есімді көршімнен бастады. «Ақылдысыңдар ма, кімге ұнамайды, ауылдарыңа бара беріңдер. Жол ақысын өзім-ақ төлеп беремін. Басқа ауданға көшсең де, көлік тауып беремін» деп шығарып салды. Оның сөздерін барған адамдардың барлығы растай алады. Біз мұндайды күтпеген едік», - деді Майра Әлішбаева.Дереккөз: Azattyq Ryhy