«111» сенім қызметі – мамандар сөйлейді

05 Мамыр, 2019 348 0

«Қызметтің күрделілігі желінің ар жағында тұрған адамның түр-әлпетін көріп, жағдайын бағамдай алмайсың, алайда ол естігісі келген сөздерді айтуға тиіссің». Бұл «111» жедел қызметінде балалар мен жасөспірімдер психологының «Хабар» телеарнасына берген сұхбаты барысында айтқан сөзі. Елімізде балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау мақсатында құрылған «111» сенім қызметі қатарынан үш жыл жұмыс істеп келеді. Бір жылдың ішінде сенім қызметіне шамамен 2 миллион қоңырау келіп түскен. Сенім қызметіне тек балалар мен жасөспірімдер ғана хабарласпайды, сондай-ақ ересектер де бұл қызмет түріне жүгіне алады. Тіпті 2016-2017 жылғы көрсеткіш бойынша сенім қызметіне көбіне 30 жастан асқан ересектер көбірек жүгінген. Өз кезегінде психолог мамандар ересектермен жұмыс жасаудың қиындығын алға тартады. Балаларды көндіріп, бағыттаудың әлдеқайда оңай екендігін айтқан мамандар, балақайлардың өзі түрлі жағдайлармен хабарласып, көмек сұрайтындарын айтады. Мамандар балалардың еркелік танытып та хабарласып жататындарын алға тартады, бала қанша рет хабарласса, мамандар сонша рет телефонға жауап беруге міндетті, себебі кез келген сәтте баланың шынайы психологиялық көмекті қажет етуі ықтимал ғой. Балалар мен жасөспірімдер хабарласып, «111» сенім қызметінің операторларына розыгрыш ұйымдастыру әрекеттері де тіпті күніне тіркеледі екен. Алайда мұндай қоңырауларға жауап беруден бас тартуға, тіпті дауыс көтеруге  болмайды,.

Балалар мен жасөпірімдерге арналған «111» жедел қызметінің жетекшісі болған Ысқақ Құлатай 2017 жылы «Хабар» телеарнасына берген сұхбаты барысында психолог мамандар бір абонентпен яғни бір хабарласқан адаммен екіден алты сағатқа дейін жұмыс істейтіндігін айтқан. Яғни сөйлесіп, ауыр ситуациялардың алдын алып, көндіру жұмыстарын жүргізеді. Осы сәтте операторлар жедел қызметтерге, жедел жәрдемге, төтенше жағдайлар қызметіне, ішкі істер министрлігіне хабарласып, олар өз бригадаларын керекті мекенжайға аттандырып үлгереді.

Көбіне операторлар хабарласқан адамның шынымен көмекке мұқтаждығын дауыс дірілінен біліп қояды, бірден оның қоңырауы психолог маманға бағытталады. Заңгерлер мен сарапшылар да бар, алайда сенім қызметінде психолог мамандар атқаратын жұмыстың жүгі ауыр. Жедел қызметте жұмыс жасайтын психолог мамандардың да жеке тұлға екенін есепке алсақ, оларға да күніне түрлі ситуацияға тап болған жандармен сөйлесіп, оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетудің қаншалықты ауыр екенін ойға алған жөн. Алайда мамандардың стресске төзімділігі қарастырылып, бұған дейін балалармен жұмыс істеген іс-тәжірибесі болуы тиістігі негізге алынады.

«111» сенім қызметі жедел, тәулік бойы жұмыс жасап қана қоймай, өте нәтижелі қызмет етіп келе жатқан әлеуметтік жобалардың бірі. Ал 2016 жылдан 2018 жыл аралығында сенім телефонының қызмет ету нәтижесінде 119 жанның өмірі құтқарылып, қатыгездік жасау фактісі бойынша 53 ситуацияның алды алынған, сондай-ақ 4095 психологиялық, 1840 заңгерлік кеңестер жүргізіліп, сенім телефонының операторлары жалпы есепте 8132 кеңес ақпараттық-анықтамалық кеңес өткізген.

 

Тегтер: 111, қызмет, қазақстан, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.