Наркоз көп берген: Шымкентте қарапайым ота жасатуға келген қыз өлім аузында жатыр
Наркоз көп берген: Шымкентте қарапайым ота жасатуға келген қыз өлім аузында жатыр

"Наркоз көп берген, салғырттық танытқан, біріншіден. Олар қарамаған, болмаған. Апараттары істен шыққан екен. Кейін өздері мойындап отыр. Бас анестезиолог өзі айтты. Біз білмей қалдық деді. Қыздың организмі жас, өзі жеңу керек. Бізде қолдан келер шара жоқ дейді," – деді Айдананың анасы Фарида Өтегенова.Айдана биыл 9-сыныпты бітірген. Миы қабынған қыз 10 күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Операцияға өз аяғымен кірген жеткіншектің мұндай жағдайда екеніне жақындары сене алар емес. 15 жасар науқасты қалай болса да аяғынан тұрғызып берсін деп отыр.
Білікті мамандарын шақырсын, қызымды аяғынан тұрғызсын. Сол айтар нәрсем. Өрімдей қыз еді, өз аяғымен келіп, мынадай жағдайға түсіп отыр. Кінәлілер жазалансын. Титтей нәрсеге менің қызымды қорлап отыр", – деді Айдананың әжесі Зияда Молдыбаева.Айдананың жақындары ота жасаған дәрігерлермен кездесуді талап еткен. Бірақ жауаптылардың біреуі сырқаттанғанын айтса, екіншісі сөйлесуден бас тартыпты. Жансақтау бөлімінің меңгерушісі бес сағаттық отадан шыққан Айдананың бөлімге түскенде миының 90 пайызы қабынғанын айтады. Сондықтан аяғына тұрып кетуі екіталай дейді.
"Телемедицина болатын болса, телемедицинамен сөйлесеміз. Егер жоғары жақтан кеңес берсе, бәрін істейміз. Келісім болса. Қазір баланың жағдайы Алматыға тасымалдауды көтере алмайды, жағдайы ауыр", – деді Түркістан облысы балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Құдайбергенова.Ақ халаттылар Айдана аяғынан тұрғанымен, бұрынғы қалпына енді келмейтінін айтады. 15 жасар өрімдей қыз аман қалса да, мүгедек болып қалу қаупі бар. Сондықтан оқушы қыздың жақындары қарапайым отада қолы қалт кеткен дәрігерлер жазасын алсын дейді. Қазір дәрігерлер тобына қатысты ішкі тексеріс жүріп жатыр.