Жошы ханның ұлысын зерттеу институты құрылады, бірақ маман тапшы
Жошы ханның ұлысын зерттеу институты құрылады, бірақ маман тапшы
Елімізде Жошы ханның ұлысын зерттейтін ғылыми-зерттеу институты құрылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу институтын құру бойынша тиісті қаулысы Ашық Үкімет порталында жарияланды. Институт БҒМ Комитетіне қарасты жұмыс істейді және ҚР Президентінің 2020 жылдың 18 тамызындағы тапсырмасын орындау мақсатында құрылатыны хабарланды. Ал институт ғылымды дамыту жөніндегі бюджеттік бағдарламада көзделген қаражат негізінде қаржыландырылады. Сонымен қатар институт қызметкерлері Алтын Орда мұрасын зерттеу мақсатын негіздей отырып, Орта ғасыр мен жаңа ғасыр кезеңін негізге алып, Қазақстанның саяси, этномәдени, әлеуметтік т.б мәселелер бойынша кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізбек ниетте. Атап өтерлігі, 2019 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумына қатысып, өзінің Instagram парақшасында «Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет», - деп жазған еді.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов өзінің Facebook әлеуметтік желіcіндегі парақшасында Жошы ханның ұлысын зерттейтін ғылыми-зерттеу институты міндетті түрде ашылуы керек дей келе, институты құрудың жеті маңызды бағытын атап көрсетті: « 1) Қазақстан Жошы ұлысының негізгі мұрагерлерінің бірі;
2) Тарихымыздың дәл осы кезеңін зерттеу ұзақ уақыт бойы жабулы қазан жабулы күйінде қалып, ұмытылды (шамамен 200 жыл);
3) Бұл ғылыми ақтаңдақтың орнын толтырып, түбегейлі зерттеу үшін ондаған (тіпті жүздеген) жылдар керек;
4) Болашақ Институт базасында өзінің ғылыми мектебі құрылып, жаңа формациядағы кадрлар даярланады, жаңа ғылыми журналдар, монографиялар, құжат жинақтары т.б басылып шығады. Өкінішке орай, тарихтың осы кезеңін жетік білетін мамандар саусақпен санарлық;
5) Қазақстан – жер көлемі бойынша әлемде 9 орын иеленетін мемлекет және осынау аз зерттелген тарихи кезеңнің және Жошы Ұлысының маңызды саяси және әскери оқиғалары біздің еліміздің аумағында болды, бұл кешенді зерттеуді қажет етеді;
6) Қазіргі уақытта «Қазақстан тарихы» атты жаңа академиялық көптомдықты басып шығару процесі қарқынды жүріп жатыр, көптомдықтың үшінші томы Жошы Ұлысына арналады, сондықтан оның негізгі орындаушылары болып мәлімдеме жасайтын, сөз алатын ұйым керек (біздің жағдайда - ҒЗИ);
7) Бүгінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ежелгі және орта ғасыр тарихы бөлімінде дәл осы кезеңді зерттейтін мамандар жоқ. Тіпті ондай мамандар бүкіл Қазақстан бойынша саусақпен санарлық десе болады. Тіпті мамандар бар болған күннің өзінде олар Қазақстанның әр өңірінде өмір сүреді (5-6 адам); (3 маман – елордада, 1 – шетелде, 1 – Алматыда, 1 – Қостанайда) т.б. 2021 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында білім алатын 4 докторант ғылыми жұмыстарының тақырыбын Жошы Ұлысы кезеңіне негіздеп таңдады», - деп тарихшы З.Қабылдинов негізгі мәселелерді көтерді.