Түркістан облысының командасы жамбы атудан өткен Қазақстан чемпионатында алтын медаль иеленді
Түркістан облысының командасы жамбы атудан өткен Қазақстан чемпионатында алтын медаль иеленді
Алматы облысындағы Талғар ауданында ұлттық ат спорты түрлері теңге ілуден және жамбы атудан кезекті Қазақстан чемпионаты аяқталды. Республикалық жарыста Түркістан облысының спортшылары командалық есепте бас жүлдені қанжылғаларына байлап қайтты, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еліміз бойынша ең таңдаулы деген балуандар қатысқан бұл Қазақстан чемпионатына түркістандық Айкөз Ералхан жамбы атудан жоғары дайындықпен барған. Талай жарыстарда ұлттық спортымыздан топ жарып келе жатқан талантты жерлесіміз биылғы жамбы атудан өткен Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленді. Ал, теңге ілуден елімізге танымал спортшы Ғалымжан Ізжанов та жеңіс тұғырын бағындырды.
Айта кетерлігі, биыл жоғары деңгейде ұйымдастырылған жамбы атудан өткен Қазақстан чемпионатына 16 облыстан бетке ұстар саңлақтар қатысып, күш сынасты. Күміс жүлдегер атанған жерлесіміз Айтбек Сарыбай жамбы атудан өзінің мықтылығын көрсетті.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы марапаттаған жиынға Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, еліміздің ұлттық спорт жанашыры, елімізде ұлттық спорт түрлері Қауымдастығын басқаратын Бекболат Тілеухан арнайы қатысты. Қазір ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде өркендетуде қазақстандық бапкерлердің атқарып жатқан қажырлы еңбектері бар. Бұған дәлел, биыл 14-рет жалауы желбіреген теңге ілу мен жамбы атудан Қазақстан чемпионаты болып тұр. Тартысты жарыста түркістандықтар командалық есепте бас жүлдені жеңіп алып, туған елге олжалы оралды.