Көмірден крем жасау дегенді естіген бе едіңіз?
Біртүрлі
болып естілгенмен бұл қазақстандық
жас ғалым, биотехнология, медициналық биотехнология, экологиялық микробиология ғылыми бағытында еңбектеніп жүрген
Қуаныш Тастамбектің зерттеу жұмысы. Ол Түркістан облысы Түлкібас ауданы Кершетас елді мекенінде дүниеге келген. Қуаныш 8 баланың ішіндегі үлкені.
Қарапайым ауыл баласының
«Болашақ» бағдарламасымен шетел асып, ғылымға қалай бет бұрғандығы туралы біздің сұхбаттан оқи аласыздар.
- «Биотехнология» деген қандай мамандық? Бұл мамандыққа қалай келдіңіз? - Кершетас ауылында Жандарбеков атындағы жалпы орта мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, 2011 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға түстім.
Сол кезде алғаш рет «Биотехнология» мамандығы туралы естіп, қызығушылық танытқан болатынмын. Эдвайзерім Абдиева
Гүлжамал Жанаділқызы бірінші жылы бағыт-бағдар берді. Сол кісінің кеңесімен ғылыми мектепте жұмыс істей бастадым. Ғылыми жетекшім Жұбанова Ажар Ахметқызы болды.
Ажар Ахметқызы биология оның ішінде
биохимия, микробиология, экология саласында жас ұрпақты ғылымға тәрбиелеп жүрген ғалымдардың бірі. Эдвайзерімнің
ұсынысымен ғылыми мектепте ауылға қайтпай жаз бойы жұмыс істедім. Сол кезде биотехнология PHD докторы Акимбеков Нұралы Шардарбекұлымен де таныстым. Ажар Ахметқызы мен қатар Нұралы Шардарбекұлыда маған биотехнология саласының қыр-сырын ашты. Бірінші курстан бастап «биотехнология» мамандығына қызығушылығым арта түсті.
- Қазір елімізде «биотехнология» мамандығына сұраныс бар ма? - Қазіргі пандемияның өзі биотехнологияның маңыздылығын бізге көрсетті. Биотехнология медицина, ауыл шаруашылығы, егін, мал шаруашылығымен де байланыста.
Биотехнология
дегеніміз - биологиялық объектілерді адам өмірінде дұрыс
бос қалдықсыз
пайдалану технологиясы дегенді білдіреді.
Бұл мамандыққа сұраныс болғандықтан ғылыми жетекшілерімнің бастауымен бірнеше ғылыми жобалар қорғадық. Олардың ішінде
тауықтардың жұмыртқасының өнімділігін, еттің өнімділігін арттыратын препарат шығару. Яғни микроорганизмдердің биомассасы негізінде жемдік белоктік, сабанмен соларға қоспа арқылы еттілігін,
өнімділігін арттыру. Менің айналысып жатқан бағытым да сол микроорганизмдер.
Біз Алматы облысында Қарасай ауданында құстарға апробация жүргіздік. Зерттеулер жақсы нәтиже көрсетті.
Қазақстанда мұнаймен ластанған жерлер өте көп. Оларды тазартудың
бірнеше бағыттары бар: химиялық жолмен тазарту - жердегі құнарлы
тіршілік иелерін химикаттармен улау. Ол кері әсерін береді. Екінші жолы - физикалық.
Яғни жандыруға болады, ластанған топырақты алып, басқа жерге апарып тастауға болады. Бірақ ол да ешқандай тиімділігін көрсетпейді.
Ал биологиялық жолдарына:
биоремидиация немесе фиторемидиация өсімдік арқылы тазарту жатады. Біз көп жағдайда биоремидиацияны қолданамыз. Яғни топырақты микроорганизмдер арқылы ыдыратып тазалау. Осындай жұмыстарға көбінесе мұнай компаниялары көптеп тапсырыс берді.
Қазақстан көмір өндіруден алғашқы ондыққа кіреді. Сапасыз көмір де оның ішінде бар. Сол сапасыз көмірлер босқа жатпай үйінді ретінде жиналады.
Сол үйінді топыраққа шашылып қайта ластанады. Соны реттеу үшін көмір ішінен биогумус бөлініп алынады. Ал екінші бір бағыт - брикет жасау. Брикет жасау негізінен қолға алынбаған. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы арқылы Германияда өтіп жатқан тағылымдамамдағы басты жұмысым брикет жасау. Елімізге экономикалық пайдасы бар ретінде бұл жұмыстарға сұраныс артып, қаржыландыру бөлініп, оң нәтижесін беруде.
- Менің білуімше, сіз Германиядағы Аахен университетінде тағылымдамадан өтіп жүрсіз. Ол жақтағы студенттердің біздікінен қандай айырмашылығы бар? - Бұл жаққа осымен 4-рет келуім. Магистратура, докторантура бағдарламасы аясында бірнеше рет келдім. Қазір пандемия уақытында студенттерді көп көрмеймін. Біздің студенттерден айырмашылығы бұл жақта студент немесе ғылыми қызметкер болсын тек бір бағытты ғана ұстанады. Яғни бір құрылғыға жауап береді. Соны бүге-шігесіне дейін зерттеп, соның хас шебер маманы болып шығады. Біздің елмен салыстыратын болсақ біз зертханада бар құрылғыны меңгереміз,
яғни әмебебаппыз. Көп жағдайда бәрін зерттегенмен терең үңілмей қаламыз. Германияда студенттер
құрылғыны инженерлік тұрғыдан да, биологиялық тұрғыдан да, электрлік тұрғыдан да қалай жасалады соның барлығын толығымен үйренеді.
Тағы бір айырмашылық бұл жақтың стипендиясы әрине айтарлықтай жоғары. Студенттерге қаржылық мәселеге бас қатырмай ғылыммен айналысуға
бар жағдай жасалынған.
Қазақстанда да көптеген бағдарламалар бар. Дегенмен, соның өзі
Нұр- Сұлтан, Алматы сияқты үлкен
қалаларда өмір сүруге жеткіліксіз. Сол себепті студенттер екінші жұмыс іздей бастайды.
Президенттің реформалары қолға алынса, ғылымды дамытуға жақсы бастама болар еді. Германияда жұмыс жасауға мүмкіншілік көп. Зертхананың өзі толықтай керек құрылғылармен қамтылған. Студенттердің әрқайсысы уақыттың қадірін біледі.
Мысалы менің ғылыми жетекшім әр дүйсенбі сайын ғана поштасын тексереді.
- Германияда өмір сүрудің қандай қиындықтары бар? - Германияда көршілер бұрыннан тұрып жатса да бір-бірін танымайды. Жай ғана сәлемі түзу. Оларға біреудің өмірі қызықтырмайды. Қандай көлік, құдасы кім деп те бір-бірінен жөн сұраспайды. Азық-түлік бұл жерде қымбат. Осыдан 3-4 күн бұрын бір қызық жағдай болды. Менің Қазақстандағы ғылыми жетекшімнің үйіне қонаққа барған болатынмын. Сол
үйдің иесі Джулия деген қыздың қайын атасы мен күйеуі қазақстандық екен. Ол туысын көргендей қуанып, бізге қазақша бір шумақ ән айтып берді. Оның айтуынша, Еуропада табыс көп болғанымен, жұмсайтын ақша да соған бара бар.
Бұнда
тіс емдетудің өзі 5000 еуроға шығады.
Біздің ақшамен айтқанда
шамамен 2,5 млн теңге. Екі қала арасындағы теміржол билетінің құны 25-30 мың теңге. Джулия Қазақстанда тіс емдетудің құны 35 мың теңге дегенде аң таң боп қалды.
- Көмірден крем жасау қалай жүзеге асады? - Осы салаға қатысты алдағы уақытта біраз жоспарлар бар. Көмірдің құрамында белсендірілген көмір сияқты өзінің арнайы компоненттерімен крем жасайтын болсақ
ол беттегі
майлы заттардың бәрін өзіне сіңіреді. Біз көптеген кремдерді Кореядан алдырамыз. Бірақ сол кремді Қазақстанда қоры көп көмірден де жасауға болады. Біз қазір көмірдің адамға крем тұрғысындағы әсерін, қандай компоненттер қажет екенін зерттеу керекпіз.
- Жалпы биология, биотехнология бойынша қандай елдер дамыған? Қандай ғалымдардың еңбектерін жиі пайдаланасыз? - Қазіргі таңда Еуропа елдері соның ішінде Англия, Германия, Австрия мен АҚШ-ты айтуға болады. Соңғы бесжылдықты қарайтын болсақ биотехнология бойынша Қытайдың өзі өте қарқынды дамып келеді. Ғылыми мақалалардың базасын қарайтын болсақ, он мақаланың қателеспесем 7-8
қытай ғалымдары жазады. Жапония мен Оңтүстік Корея да осылардың қатарында. Қазіргі таңда өзіміздің елді де алатын болсақ алдыңғы қатарларда болмаса да ғылымға өз үлесін қосуда. Оған дәлел отандық QazVAC
вакцинасының жасалуы. Одан бөлек мал шаруашылығында да қолданылатын вакцинаның түрлері шығып жатыр. Сонымен қоса біздің елде бидайдың сорттарын шығару жұмыстары, генетикалық жұмыстар да
іске асырылып жатыр.
Қазақстанда биотехнологияда табысқа жеткен бірнеше ғалымдарды атап өтуге болады. Мысалы:
Бисенбаев Аменгелді Қуанбайұлы молекулалық биологияны дамытуда. Ресейден білім алып келген Заядан Болатхан Қазықанұлы Қазақстанда бұрын соңды қолға алынбаған балдырларды зерттеуде.
Топырақтың ластануын да зерттеп жүрген жетекші ғалымдарда көп. Осы ғалымдардың ішінде 600 ге жуық еңбегі жарық көрген ол менің ғылыми жетекшім Жұбанова Ажар Ахметқызы. Ол Қытайлық Джао Джи деген профессормен көмірге қатысты зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар неміс ғалымы Дигель Ильямен де биотехнология әлеуетін көтеруге көп үлес қосуда.
- Алдағы уақыттағы қандай жобалар, зерттеу жұмыстармен айналыспақшысыз ? - Әлі жас болғандықтан жоспар да көп. Жақында PHD диссертациясын қорғаймын. Қорғағаннан кейін ғылыми жобаларға, конкурстарға қатыссам деп отырмын. Бірінші бағыт сол көмір арқылы крем деп жасауды қолға алмақпын. Қазір ауыл шаруашылығы оның ішінде егін шаруашылығы, мал шаруашылығы ақсап тұр. Біз аграрлы мемлекетпіз,
сол себептен соны қолға алу керек. Тек қана ауыл шаруашылығын дамытып қана қоймай өзіміздің мал семіртетін препараттар жасау өз жемісін береді деген ойдамын.
- Болашақта жас ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз - Ғылыми жетекшімнің сөзін айтар болсам бір ғана жоба жазып, бетіне қарап, күтіп отырмау қажет. Ұмтылыс жасап, тәжірибе жасап көріп, ештеңеден қорықпау керек. Кез келген шетелдік университетке тапсыруға мүмкіндік көп. Жаңа нәрседен қорықпай шетелден білім алып, алған білімді
өскелең ұрпаққа үйрету керек. Ең бастысы стереотиптерден арылған дұрыс.
Іске сәт! Сұхбаттасқан Ақнұр САҒАТҚЫЗЫ