Түркістанда екі бала 5 метрлік дәретханаға түсіп кеткен
Түркістанда екі бала 5 метрлік дәретханаға түсіп кеткен
Түркістан полицейлері тереңдігі бес метрлік дәретханаға түсіп кеткен үш және 10 жастағы балаларды аман алып шықты, – деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі Polisia.kz.-ке сілтеме жасап.
Сарыағаш АПБ кезекшілігінің “102” нөміріне жергілікті тұрғын әйел хабарласып, үйінің ауласындағы дәретханасының ішіне өзінің үш жасар ұлы мен 10 жасар қызының абайсызда түсіп кеткенін айтып, көмек сұраған. Хабарламаны бірінші болып алған Сарыағаш АПБ учаскелік полиция инспекторлары Нұрдаулет Еділов пен Асыл Ережепов, сондай-ақ Айсұлтан Сапар оқиға болған жерге небары екі минут ішінде, жедел жетті. Содан полицейлер екі жасөспірімнің өміріне қауіп төнгенін ескеріп, ештеңеге қарамастан балаларды құтқармаққа асығады.
Себебі бес метрлік әжетхана ішіндегі нәжіс 10 жасар қыздың иығына дейін жеткен. Ал жасөспірім қыз жанындағы үш жасар бала, яғни інісін нәжіске батып кетпесі үшін көтеріп алып тұрады. Полицейлер құтқарудан кешіксе, балалар иістен уланып қалуы да мүмкін еді, сондықтан қызметкерлер жедел түрде әрекет етіп, бетоннан жасалған әжетхана еденін темір құралымен соққылап бұзды. Бір жағынан тәртіп сақшылары әжетхана еденін бұзып жатып, ішіндегі балаларға қауіп төнбесі үшін әдіспен әрекет етті. Содан соң полицей Асыл Ережепов арнайы жіпті беліне байлап, бес метр тереңдіктегі әжетхана ішінен бірінші үш жасар ұлды, артынша 10 жастағы қызды аман есен алып шықты.
Осылайша Сарыағаш АПБ-ның қос полицейі өздерінің жедел әрекет етуі мен қалайда балаларды құтқаруға барын салып, қайсарлық танытып әрекет етуінің арқасында олар аман қалды. Осы ретте полицейлердің әрекетіне риза болған және балаларының әжетханадан аман шыққанына қуанған анасы Ажаркүл Саржанова алғысын айтты.