Пән көбейту сәнге айналды

Пән көбейту сәнге айналды

ашық дереккөзі

 width= Елімізде оқыту жүктемесі тым жоғары. Білім сапасының халықаралық бағалауына назар аударсақ, мектептердегі білімнің нашарлағанын байқаймыз. Сондықтан бұл салаға түбегейлі өзгеріс керек. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы еліміздің білім беру жүйесіндегі ғылыми-методологиялық зерттеу­лерді, жаңаша әдістемелерді нақты тәжірибе жүзінде енгізуді қолға алып отыр. Академия президенті Ғани БЕЙСЕМБАЕВПЕН білім саласының келешегі жайлы әңгіме өрбіттік. Мінсіз оқулық сапалы бағдарламадан басталады Жуырда Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев білім беру саласына қатысты сын айтып қана қоймай, мектеп бағдарламасының шамадан тыс жүктемеге толы екенін атап өтті. Сол сынға сіздердің ведомстволарыңыз қалай жауап берді? Осыған орай, оқу бағдарламасына қандай да бір өзгерістер енгізіледі деп күтуге бола ма?   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ата-аналар мен педагог қауымның жанайқайын дөп басып айтты. Сондықтан академия алдында тұрған міндет – сол сыннан тиісті қорытынды шығарып, оң нәтижеге жету. Дегенмен жылдар бойы қалыптасқан оқу бағдарламасына табан астынан өзгеріс енгізе салу оңай шаруа емес. Оқу бағдарламасы туралы айтпас бұрын білім мазмұны деген ұғымды түсіндіріп өтейін. Ең алдымен сол білім мазмұнына қойылатын талаптарды анықтайтын мемлекеттік білім стандарты дайындалады. Ал стандарт бекітіліп, оқушы қолына оқулық тигенге дейін бірнеше сатыдан тұратын жұмыс атқарылады. Алдымен академия қабырғасында әр пән бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, оқу бағдарламасы әзірленеді. Бірнеше сараптамалық сүзгіден өткеннен соң, министрліктің бекітілуіне ұсынылады. Министрлік бекіткен құжат Әділет министрлігінің сүзгісінен өтіп, заңды тіркеуден өтеді. Тек осыдан кейін барып жеке авторлық топ не баспалар бекітілген оқу бағдарламасы негізінде оқулық әзірлеуге кіріседі. Жазылған қолжазба, яғни оқулықтың жобасын алдымен баспа сарапшылары қарап шығып, автор жіберген қателерді түзетеді, қажетті суреттермен безендіреді. Дайындалған оқулық макеті «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығы сарапшыларының алдына келіп түседі. Орталық республика бо­йынша іріктеуден өткен сыртқы сарапшылар базасындағы мамандарды таңдап, оқулықты жіті қаратады. Сыртқы сарапшылар қолынан өткеннен кейін табылған кемшіліктер болса, оқулық авторларына түзету үшін кері қайтарады. Ал тіпті сын көтермейтіндеріне «ұсынылмайды» деген шешім беріледі. Ең соңғы шешімді биылдан бастап министр­лік бекіткен ереже негізінде орталық жанынан құрылатын пәндік сараптамалық комиссия шығарады. Осылайша стандарт пен бағдарламадан оқушы оқулығына дейінгі аралықта кемінде 1,5-2 жыл уақыт кетуі мүмкін. Сол процесс басталды ма?  Елде білім мазмұны жаңартылып біткенін өздеріңіз де білесіздер. Былтыр 11-сыныптардың оқулығы енгізіліп, соңғы сатыны аяқтадық. Ендігі кезекте 2023-2025 оқу жылында 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағытта қазір 12 жылдық білім берудің тұжырымдамалары мен оқу бағдарламаларының жобасы әзірленуде. Осы мәселеде асығыс­тыққа жол бермеуді қадағалап отырмыз. Кезінде аз сын айтылған жоқ, енді одан қорытынды шығару міндеті тұр. Алға қойған мақсатымыз да сол. Академия сапалы оқулыққа негіз болатын сапалы бағдарламаларды әзірлеу бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алып отыр. Келесі жұмыс қандай да бір өрескел қателер жіберген оқулық сараптамадан өтпеуі керек. Ол үшін сарапшылардың сапасы мен сараптама жұмысын күшейту маңызды. Ендігі жерде сыртқы сарапшылар қызметі сапасының артуы оқушылардың қолына сапалы оқулықтардың тиюінің басты кепілі болады деп үміттенеміз. Жүктеме азаймай, жағдай жақсармас Үлгілік оқу жоспарындағы жүктемені азайту мәселесіне қатысты не айтар едіңіз?  Жүктемені азайту мәселесін Президенттің өзі атап өткен соң, оны ескермеу мүмкін емес. Дегенмен таяқ­тың екі ұшы сияқты бұл мәселенің де екі жағы бар. Қарапайым тілмен айтар болсақ, бір пәннің сағатын азайту, сол пән мұғалімдерінің жүктемесінің қысқарып, екінші бір мәселенің туындауына жол беруі мүмкін. Сондықтан бұл – өте жіті зерттеуді, артықшылығы мен кемшілігін саралауды қажет ететін жұмыс. Франция мен Финляндияда 39 пән, АҚШ-та – 55, бізде 67 сағаттық жүктеме бары туралы да айтылды. Шындығында, бізде пәннің көбеюіне кейбір қоғам белсенділерінің ықпалы барын мойындаған жөн шығар. Қоғамда белгілі бір проблема туындай қалса, оның шешу жолы мектепке пән кіргізу деп ойлайтындар бар. Мысалы, діннен мәселе туындады делік, мектепке дінтану пәнін енгізу керек, қоғамда кедейлік проблемасы туындады, бизнес және кәсіпкерлік негіздері пәнін енгізейік деп жатамыз. Абайтану, әл-Фарабитану, тағы сол сияқты арнайы жекелеген пәндерді мектепке қаптатып кіргізе беруді қалайтындар бар. Жалпы көтеріліп отырған мәселенің қай-қайсысы болса да дұрыс. Керек екені рас. Бірақ арнайы оқулық жазғызып, пән санын көбейту арқылы мектептегі баланың бір басына мұншама жүк арта берудің қаншалықты пайдасы бар? Мүмкін бар пәннің бағдарламалары мен оқулықтарының ішінде оқытылғаны дұрыс шығар. Ойлану керек. Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен «Адалдық әліппесін» енгізейік деген ұсыныс түсті. Жас буынды адалдыққа баулу қажет екені күмәнсіз, дегенмен осылай пәндерді көптеп енгізіп оқытсақ, баланың білімі артып кетеді деп ойлайды. Бизнес те, адалдық та, Абай да, әл-Фараби де, кәсіпкерлік те математика, тарих, география пәндерінің ішінде қамтылуы тиіс. Ол үшін арнайы пән енгізу қажет емес. Анығында, қазіргі оқу бағдарламасы академиялық білім беруді ғана емес, өмірге, тұрмысқа бейімделуді, алған білімді күнделікті өмірде қолдана білуді де көздеуі керек. Жалпы оқу жүйесін осыған бағыттаған абзал. Ал жүктемені азайту оқу бағдарламаларын қайта қарауды талап етеді. Оның қаншалықты ұзақ процесс екенін жоғарыда айттым. Сонымен қатар бірінші сыныптың бағдарламасын өзгерткен соң, сол өзгеріспен оқыған олар келесі сыныпты да солай жалғастыру керек. Білім саласы – өте киелі, қасиетті сала. Оған өзгеріс пен түзету енгізген кезде мұқият болу қажет. Елімізде оқу бағдарламалары жиі өзгеріске ұшырап келеді, бұл қаншалықты дұрыс?  Негізі, білім саласы – үздіксіз өзгеріп, заманмен бірге дамып, жаңарып отыратын сала. Қоғам, еңбектегі сұраныс өзгерген сайын білім беру принципі де сонымен ілесіп отыру керек. Бір ғана мысал, ХХ ғасырда гаджет туралы түсінік түсімізге де кірмейтін. ХХІ ғасырда ұялы телефондар енді, компьютерлердің формасы мен мазмұны өзгеріп кетті. Ал енді біздің сол ғасырда сондай компьютермен, сол ескі түсінікпен қалғанымыз дұрыс па, жаңашылдыққа ілесіп, жаңа оқу бағдарламаларын игергеніміз дұрыс па? Біздің қоғам неге жаңалық енгізе береміз деп шулағанда осыны ескермейді. Мен кейбір пәндер өзгеріссіз қалу керек дегенге келісемін. Ал информатика, жаратылыстану, тарих пәндеріне өзгерістің енуі – заңды. Өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып, тәуелсіздік таңы атқанын да ұмытпауымыз керек. Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында тарихқа қатысты қаншама келелі дүниелерді көтерді. Олай болса тарихтың тұжырымдамасы жасалу керек екені анық. Кей пәндердің мазмұны өзгеріп, толықтырылып отыруы – әлемде бар үрдіс. Ата-ананың біліктілігі сынға түсті Осы оқу жылы білім тарихында жаңа форматтың енуімен қалатыны сөзсіз. Қашықтан оқыту білім саласының көптеген проблемаларының бетін ашты. Оның ішінде оқыту әдістемесінің де көбірек дәстүрлі форматқа лайықталғаны байқалды. Жалпы болашақта онлайн білім беруге арналған қандай да бір әдістеме жасалатын бола ма?   Түбінде осы онлайн оқыту деген форматтың келетінін мен Элвин Тоффлер деген футуролог ғалымның еңбегінен оқығанмын. Ол кезде әлі пандемияның төбесі де көрінбеген. Сол сияқты Митио Каку да пандемиядан бес жыл бұрын осындай оқыту түрі туралы жазды. Оның ойынша, алдағы он жылдықта бүкіл әлем қашықтан оқытуға көшеді де, стационарлық мектептердің қажеттілігі кемиді деп болжаған. Болашақта оқушылар үйден шықпай, әлемнің кез келген мектебінде білім алады деген ой айтқан. Соны оқып таңғалғаным бар. Бұл Қазақстанға әлі келмейтін болар деп сендім. Енді соның айтқан сөзі бір-ақ күнде іс жүзіне асты. Біз де, әлемнің көптеген елдері де оған дайын болмай шықтық. Мұндағы айтпағым, ендігі жерде білім сапасын арттыру мәселесін зерттеу барысында болашаққа да үңіліп отырудың қажеттілігі. Тек бүгіннің мәселесін емес, ертеңгі күнді де ойлауға әдеттенгеніміз абзал. Қазір академия осы мәселені де басшылыққа алмақ. Бізде енді қашықтан оқыту тәжірибесі бар. Тағы бір айта кететін мәселе, алдағы уақытта білім мазмұнын әзірлеу мен мұғалімдерді дайындауда болашақтағы болжамдарды да ескеру қажеттігі. Дәстүрлі оқу форматы кезінде оқушылардың мұғалімдер тарапынан қысымға ұшырауы сынды ақпараттан көз ашпайтын едік. Ал енді, керісінше, өз ата-анасынан зорлық көру фактілері жиілеп кетті. Отбасылық зорлық-зомбылықтың көбейіп кетуі де білім саласын алаңдатады. Өйткені бұл сала баланың құқығын қорғаумен, тәрбиемен де байланысты. Қашықтан оқытуда білім саласының ғана емес, отбасындағы тәрбие, ата-ананың біліктілігі сынды мәселенің де беті ашылып қалды. Ата-аналарды да кінәлау дұрыс емес шығар. Дегенмен біздің жемісіміз оқушы десек, оның толыққанды тұлға болуына ата-анасының да ықпалы зор. Сондықтан ата-аналарға арналған әдістемелік құралдардың да қажет екенін уақыт пен жағдай көрсетіп отыр. Академия қазір осы мәселені назарға алып, алдағы жоспарларына қосты. Жалпы академияны адами капиталды дамыту орталығына айналдыруды көздеп отырмыз. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Мұғалімдер ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне бүкіл қоғам үлес қосу керек. Жаңа заманда білім мазмұнының бағыты білім беру ғана емес, оқушының білімге құштарлығын ояту десек, оған жалғыз мұғалімнің еңбегі жеткіліксіз. Пандемия жағда­йындағы қашықтан оқыту барысы байқатқандай, ата-ананың рөлі, оның үйдегі әрекеті – үлкен мектеп.

Дереккөз: Astana Aqshamy

Жүктелуде...