Елге сынақ – ерге сынақ

01 Тамыз, 2019 382 0

Еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында «ешкімге кедергі келтірме» деген ұстаным бар. Яғни таратылатын ақпараттың өз деңгейіндегі фактілерге сүйену қажеттігін, алайда провокация немесе өзге де тәсілдер арқылы бұқараның санасын улап, теріс насихат әрекеттерін жасайтын құралға айналмауын жәй ғана қарапайым сөйлеммен «ешкімге кедергі келтірмеумен» түсіндірген. Соңғы уақытта ел ішінде орын алған жайттарға байланысты әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер белең алып, бұқара арасында алауыздық тудырып, жалған ақпарлар немесе мүлдем сүзгіден өтпеген, ақ-қарасы айқындалмаған ақпарлар тарату арқылы мемлекеттік құрылымның жұмысына кедергі келтіру істері белең алғаны жасырын емес. Кей жымысқы мақсаттарды көздеушілер бұл идеяларын әлеуметтік желіде оп-оңай жүзеге асыруды қолай көрді. Алайда әлеуметтік желіде таралатын ақпараттың барлығы шындыққа жанаса бермейтінін, осы мәселелер төңірегінде шешім қабылдамас бұрын нақты дереккөздер немесе ақпараттық сауаттылықпен қамтылуды біздің бұқараның басым көбінің есепке алмай жататыны өкінішті.

Бәрімізге белгілі, осыдан бір ай бұрын еліміздің оңтүстігінде ешкім күтпеген төтенше жағдай орын алды. Ең бастысы – жаппай адам шығынына жол бермей, әскерилер мен жергілікті биліктің пен батыл тұрғындар қабылдаған шұғыл шаралардың арқасында еңкейген қарттан бесіктегі балаға дейін қауіпсіз жерге көшірілді.

Дегенмен, соңғы уақытта жоғарыда аталған Арыс қаласында орын алған жағдай тағы да ел ішінде іріткі салудың кезекті бір қаруына айналып, әлеуметтік желілерде билікке, әскерилерге қатысты неше түрлі әдептен тыс пікірлер желдей есті. Нақты ұстаным Арыстағы жағдайды қалыпқа келтіріп, зардап шеккен халыққа көмек қолын созудан бұрын билік өкілдеріне бар кінәні артып, кей пікірлер мен теріс көзқарастарға тоқтау салу жағы кемшінкетті. Мұны«жығылған үстіне жұдырық»-дейдідана халқымыз. Аласапыран сәтте қандастардың қал-жағдайынан бұрын Үкімет жұмысына сын-пікірлердің толастамай, мәселені шешуден гөрі ушықтыруды қалау - тек сыңаржақтылық пен тас түскен жеріне ауырдың кері.

Әрине, мәселенің төркіні Арыс болса, арсеналдың жағдайы мен тәртібіне жауап беретін бірнеше нақты лауазымды қызметкерлер бар. Олар тексеру қорытындыларынан кейін тиісті жазаларын алады. Басты айта кететін жайт - оқиға орын алғаннан бастап, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдай бойыншашұғыл түрдеҚауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына аттанып, қарапайым халықтың жай-күйін біліп, олардың жігерін көтерді, оқиғаны жіті назарында ұстайтынына уәде берді. Жоғарғы Бас Қолбасшы - Президент тапсырмасына сәйкес, Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев халықты көшіруден бастап, олардың азық-түлікпен қамтылуы, тұрғын үйлерді қайта тұрғызу, қаланы жарылғыштардан тазартудан бастап, қалпына келу үрдісіне дейін бәрін өзі бақылады, Қарулы күштер өкілдеріне нақты тапсырмалар міндеттіп, аймақтағы жағдайдың әрі қарай даму сипатын өз қолына алды. Халық Арысты тастап кетіп жатқанда, тікелей Министр бастаған әскери топ пен тәжірибелі мамандар болып жатқан жарылыстың жалғасуына қарамастан, Арыстағы мән-жайды толық бақылауына алып, нақты жоспарлар құрып, қайталанбауына қарсы күн-түн демей әрекеттер жасады.

Жалпы Арыстағы арсенал әскери бөлім мен әскерилердің қызметтік қырағылығын емес, егеменді еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігіне арналғанын ескеруге болады. Арыстағы әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері ауыр климаттық жағдайға қарамастан, өз еріктерімен емес, Отан алдындағы борышы мен бұйрығын орындап, осы жолда қайтпас қайсарлық пен айнымас шыдамдылық таныта білді. Қазіргі жаһан күн сайын емес тіпті сағат санап сан құбылып, мың өзгеруде. Ірі державадан шағын мемлекеттерге дейін өздерінің қарулы күштерінің әлеуетін көтеру үшін бар мүмкіндіктерге жол ашуда. Оған сағаттап мысал келтіруге болады. Әлемдегі кейбір халықаралық шиеленістер бір мемлекеттердің бір мемлекеттен әскери әлеуетінің артып кетпеуі үшін де орын алып жатқаны белгілі. Осындай жүгі ауыр кезеңде елдің еңсесі тіктеліп, оны қорғайтын ерінің қабырғасы қайыспағаны абзал. Елдегі ішкі факторлардағы кертартпалық оның тоз-тозының шығып, тізе бүгіп кетуіне түрткі болып кетпеу керек. Бұның соңы үлкен өкініштерге соқтырады. Ол үшін халықтың ауызбіршілігі, Үкімет жұмысының тиянақтылығы, әскери әлеуеттің мығымдығы қажет-ақ. Қазақстан да бүгінде әскери әлеуетін күшейтіп, қарулы күштерінің қатарын кеңейтіп, қайратын бекемдеуде. Арыстағы жағдай орын алған кезде де қарулы күштер өте қарқынды жұмыс жасады. Қорғаныс министрі төтенше жағдай болған сәтте бар жүргізілетін жұмысты нақты бақылауында ұстап, Арыс қаласына барып, бар әскеридің жанында жұмыстарын жіті назарда ұстады. Ұдайы жауынгерлік дайындықты бірінші орынға қойып, әскери бөлімдердің жеке құрамдарымен жұмыстар жүргізілді. Министр өзіне жүктелген міндеттерді орындап келеді және жағдайды түзету үшін әрекет жасай алатынын көрсете білді. Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүруде. Бұл тұрғыда Қорғаныс министрлігі тарапы қалыпқа келтіру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмай, дұрыс шешім қабылдай алды. Осы арада, Нұрлан Байұзақұлы үшін Шымкент өңірі– оныңкіші отаны екенін де атап өткіміз келеді. Болашақ министрлік басшысы осыдан жетпіс жылдай бұрын, 1952 жылдан бастап 20 жыл бойы Шымкент педагогикалық институтының ректоры ретінде еліміздің жоғары білім саласына айтарлықтай үлес қосқан Байұзақ Ермекбаевтың отбасында тәрбие алған.

Осы жарияланым арқылы, Қорғаныс министрін «судан таза» деуден аулақпыз. Қорғаныс министрінің жауапкершілігі бойынша Мемлекет басшысының жақында өткен кеңейтілген Үкімет отырысында  берген бағасынан аса алмаспыз. Дегенмен, жұртшылыққа айтарымыз - ел басына түскен сынақ – ер басына түскен сынақ.Ел мен ердің бөліп-жарар дүниесі жоқ. Оларға Отан да ортақ, ел де ортақ, жер де ортақ. Ел – елдігін көрсетіп, болар ерінің белін буса, ер азамат елі үшін аянбай еңбек ете берері хақ. Өйткені, Отан алдындағы борышын өтеу - жекелеген адамдарға яки тек әскерилер мен билік өкілдерінің ғана емес, жалпы әр адамның, тұтас ұлттың борышы әрі міндеті.


Саяси ғылымдардың докторы, профессор

Әмірхан Рахымжанов


Тегтер: Арыс, мақала, ақпарат, факт

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.