Өзгемен көңіл қосамын деп бәрінен айырылдым
Өзгемен көңіл қосамын деп бәрінен айырылдым
"Қазақ байыса, қатын алады" деген рас. Қызметте өсіп, жағдайың жақсарып, бала-шағаң өсіп, қалтаң томпайса, көзқарасың өзгереді екен. Жағдайың жөнделген соң, өміріңді де дөңгелетіп жіберетіндей болады екенсің. Әріптесіммен көңіл жарастырамын деп барлығынан айырылдым деп шағымданды Шалқар есімді жігіт NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісіне.
"Жолым болғыш-ақ едім. Орташа оқысам да, еті тірілігімнің арқасында жақсы қызметке тұрдым. Жақсы жарды кездестіріп, балалы-шағалы болдым. Қайынатамның қызметтегі жетістіктері арқылы жоғары қызметті атқардым. Алайда табандап жеткен табыстарым бір күнде күл-талқаны шықты. Екінші үйіңе айналып кеткен, жұмыс орнынан жүрегіме жақын жанды кездестірдім. Әріптесіммен "әдемі жүруім" өмірімді талқандады.
Сол күні ұялы телефонымды үйде ұмыт қалдырыппын. Көңілдесім кешке кездесуді асыға күтетіні туралы "жалаңаш" түскен суретін хабарламамен жолдапты. Оны көрген әйелім ашуға булығып, әлгі суретті телефондағы барлық адамдарға таратып үлгеріпті. Телефоным есіме түскен мен қайта келсем, әйелім екі ағасын шақыртып қойыпты. Тепкінің астында қалған мен жан сауғалап, екінші қабаттан секіруіме тура келді,"- деді ол.
Оның жамбас сүйегі мен сегіз қабырғасы сынған. Ауруханаға түскеніне екінші тәулік болды. Артынан іздеп келген не жары, не көңілдесі келмеді. Баяғы қызметі де жоқ. Телефонына "ажырасуға арыз бердім" деп әйелінен келген хатты көріп, мұңайды.