Ұлттық киноны қолдау орталығының Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы тағайындалды

25 Шілде, 2019 296 0

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығымен «Ұлттық киноны қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы болып Гүлнәр Сәрсенова тағайындалды. 

Гүлнәр Болатқызы Сәрсенова - кинопродюсер, режиссер, сценарист. 1966 жылы 6 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген.   Алматы қаласындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған. Мәскеу қаласындағы БМКИ-дің режиссерлік факультетінде білім алған, кейін атақты КСРО кинорежиссері Татьяна Михайловна Лиознованың тәлімгерлігінен өткен. АҚШ-тың Феникс қаласындағы  университеттердің бірінде қосымша кәсіптік білім алған. Философия ғылымдарының кандидаты. 

2005 жылы «Eurasia Film Production» кинокомпаниясын құрды, компания Ресей, Америка және Еуропаның озық студияларымен халықаралық киножобаларды бірлесіп орындап келеді.

2008 жылы Пусандағы Халықаралық кинофестивальде «Азия киносындағы жыл адамы» сыйлығына ие болды.

2005-2008 жылдары Астана қаласындағы «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің ұйымдастырушысы әрі бас директоры, ал 2010 жылы Алматы қаласындағы екінші Қазақстан-Америка кинофестивалінің бас директоры болды.   

Оның алғашқы «Монгол» («Моңғол») атты фильмі 2007 жылы Америка кинематография өнерінің академиясы ұсынған абыройлы «Оскар» сыйлығының номинанты атанды. 

«Тюльпан» («Қызғалдақ») фильмі дүниежүзі бойынша өткізілген халықаралық кинофестивальдерде 32 марапатқа ие болған, оның ішінде Аустралияның Брисбен қаласындағы халықаралық фестивальде «2008 жылдың ең үзді толықметражды фильмі» санатында Азия-Тынық мұхиттық кинематографияның ең негізгі сыйлығы – «Азия-Тынық мұхиттық Оскар» сыйлығына ие болды. «Тюльпан» Канн халықаралық кинофестиваліндегі «Ерекше көзқарас» бағдарламасының Гран-при жүлдесін, Жастар қазылар алқасының жүлдесін, 2008 жылы Франция Білім министрлігінің жүлдесін еншіледі.

2018 жылы «Айка» фильмі Франция, Германия, Түркия, Жапония, Гонконг және АҚШ елдеріндегі киносыйлықтың жүлдегері атанды, Франциядағы Халықаралық Канн фестивалінде «Алтын пальма бұтағы» деген бас марапатқа ие болып, номинант атанды, «Шет тіліндегі ең үздік фильм» санаты бойынша Америка кинематография өнері академиясының «Оскар» сыйлығының қысқа тізіміне енді. Сондай-ақ Гонконгтағы Азия фестивалінде азиялық «Оскар» сыйлығын иеленді. 

Естеріңізге салсақ, осы жылдың наурыз айында Қазақстан Тәуелсіздік алғалы осы салада қабылданған алғашқы заңнамалық құжат - ҚР «Кинематография туралы» Заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Бұл ұйымның қызметінің негізгі бағыты ұлттық киноны қолдау, оны халықаралық деңгейге көтеру және әлемдік нарыққа шығару, Қазақстан киноөндірісіне инвестиция тарту. Аталған Мемлекеттік орталық арқылы ұлттық фильмдерге, ұлттық фильм атағын иеленуге ниетті киножобаларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, сонымен қатар кинематография саласында субсидиялар беру іске асады.


Тегтер: АқтотыРайымқұлова, бұйрық, ГүлнәрСәрсенова, «Ұлттықкинонықолдауорталығы»

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.