Сағым дүние

24 Шілде, 2019 363 0

Елбасы кітапханасының қоры қазақ эстрадасының танымал әншісі, ақын, композитор Батырхан Шөкенов әндерінің «Сағым дүние» атты ноталық басылымымен толықты. Жинақты Батырхан Шөкенов атындағы қор Болат Өтемұратов қорының қолдауымен жарыққа шығарған.


– Біздің қор Елбасы кітапханасы ұжымының жұмысына құрметі мен алғысын білдіріп, кітапхана оқырмандарының пайдасына басылымның 20 данасын тарту етеді. Қалың жұрт әншінің қазақстандық композиторлар мен ақындармен көп жұмыс істегенін біледі. Батыр ұлттық фольклорға, қазақ әндеріне ерекше ықыласпен қараушы еді. Өлеңнің әніне де, сөзіне де зор мән беретін. Еңбек жолында ол Әбдірахман Асылбек, Ибрагим Исаев, Шөмішбай Сариев, Қуат Шілдебаев, Төлеген Мұхамеджанов, Ренат Гайсин сынды өнердегі ағаларымызбен жұмыс істеді. Ортақ еңбектің жемісін бүгін халық классикаға балайды. Музыкалық мұраға деген халықтың махаббаты арқылы біз туған тіліміз бен еліміздің майталмандарын дәріптемекпіз. Жинағымыз кітапханаға білім іздеп келген жас музыканттарды қолдайды деген үміттеміз, - дейді әншінің қарындасы, «Батырхан Шөкенов атындағы қор» ҚҚ директоры Наргиз Шөкенова.

Жинақты құру жұмысына еліміздің үздік композиторлары мен музыка көркемдеушілері қатысқан. Басылым мазмұнына он төрт туындының ноталары мен сөздері кірген.

2007 жылдан көз жұмғанға дейін марқұм Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мәдениет саласындағы кеңесшісі қызметін атқарған болатын. 2010 жылдың 7 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұйрығымен оған «Қазақстан өнеріндегі еңбегі сіңген қайраткер» атағы берілді.

Дүниеден озған Батырхан Шөкеновты Елбасы есімі мәңгі өшпес биік жұлдызға теңеген болатын.

«Сағым дүние» ноталық басылымы өмір-өзеннің ағымын, өткінші екенін еске салады. Оның бетіндегі сурет те бұл идеяны жалғастырып тұр. Әу баста «Сағым дүние» альбомының бетінде болған кескін бұл ретте жинақ бетіне әншісіз бейнеленген. Сағыныш пен аңсаған көңілге, қимас жандардың естелігіне сусындаған бұл жинақтың әуендерімен әнші рухы жадымызда мәңгі жаңғырмақ.

Тегтер: елбасыкітапханасы, Сағымдүние, тұсаукесер

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.