Асқар Мамин: Қыркүйекте 10 млн адамға вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз
Асқар Мамин: Қыркүйекте 10 млн адамға вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз


«Қыркүйек айында вакцинациялауға жататын 10 млн адамға вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ұжымдық иммунитеттің жинақтаушы әсері күтіледі», – деді А.Мамин.Үкімет басшысы денсаулық сақтау жүйесі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілгенін атап өтті. Ауруханаларда дәрі-дәрмектердің бір айлық қоры бар, ал «СҚ «Фармация» қоймаларында және дәріханаларда 2 айлық қор жасалды. Сонымен қатар барлық өңірлерде дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныс құралдары мен шприцтері бар 3 айлық тұрақтандыру қорлары құрылды.
«Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың барлық тапсырмаларын орындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде», – деді А.Мамин.Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге «қызыл аймақтағы» өңірлерде вакцина алатындардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдауды және қабылданған жоспарға сәйкес вакцинаны жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп вакцинациялаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу тапсырылды. Денсаулық сақтау, цифрландыру, ішкі істер министрліктеріне, «Атамекен» ҰКП, өңірлердің әкімдіктеріне осы жылдың сәуір айының соңына дейін бизнес субъектілерінің қызметін қалпына келтіру және эпидемияға қарсы шараларды жүргізу үшін «адамдардың шоғырлану орындарын анықтау карталарын» енгізу мен мобильді мониторингтеу топтарының тиімділігін жақсарту мақсатында барлық өңірлерге «Ashyq» жобасын кезең-кезеңімен енгізу тапсырылды.