Жаңалықтар

Қазақстандағы ең ірі екі банк қосылу туралы шешім қабылдады

 width= Jusan Bank пен АТФБанктің акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуы туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Jusan Bank-тің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі.
Қосылу нәтижесінде Jusan Bank активтер мен капитал көлемі бойынша Қазақстанның ең ірі банктерінің үштігіне кіреді. Осылайша, бірігу аяқталғаннан кейін Jusan Bank активтерінің көлемі шамамен 3 трлн теңгені құрайды.
«Біз қаржылық позициялары берік және цифрлық сервистері аса ыңғайлы сенімді әрі заманауи банк құрып жатырмыз. Клиенттік базаларды біріктірудің және алдыңғы қатарлы заманауи технологияларды енгізудің арқасында біз біріккеннен кейін 10%-дан көп құрайтын нарықтағы өз үлесіміздің одан әрі қарқынды өсетініне сенімдіміз», деп атап өтті Jusan Bank Директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу.
Jusan Bank бүкіл еліміз бойынша 1,1 мың бірліктен асатын ең ірі банкоматтар желісін және 180-нен астам бөлімшелерді қамтитын болады. АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылу үдерісін ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуына рұқсат алу туралы барлық тиісті құжаттар заңнамада белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігіне жіберілетін болады.
«Біз алдағы бірігу процесстерінің әрбір клиентіміз үшін барынша жайлы өтуі үшін бар күшімізді саламыз. Екі банктің бірігуі барысында АТФБанктің барлық бөлімшелері мен сервистері Jusan Bank-ке қызмет көрсетуге толық көшкенге дейін қалыпты режимде жұмысын жалғастыратын болады», деп атап өтті АТФБанк басқарма төрағасы Галия Маханова.