Қазақтың тұңғыш дәрігер қызы

Қазақтың тұңғыш дәрігер қызы

ашық дереккөзі

 width= Гүлсім Асфендиарова 1880 жылы 12 қарашада Ташкент қаласында генерал-майор Сейітжапар Асфендияровтың отбасында дүниеге келген. Санжар Асфендиаровтың туған әпкесі. Ташкент әйелдер гимназиясын, Санкт-Петербург қыздар медицина институтын бітірген. Ол қазақ әйелдерінің ішінде жоғары білім алған тұңғыш дәрігер. 1902 жылы Түркістан генерал-губернаторы түркістандық қыздардың Қыздар медицина институтында оқуы үшін 10 стипендия тағайындайды. Стипендияға орыс қыздарымен қатар екі қазақ қызы ие болады. Олар генерал-майор Сейітжаппар Асфендиаровтың қызы Гүлсім Асфендиярова (1880-1937) мен подполковник Садық Әбдрахмановтың қызы Зейнеп Садыққызы (1881-1969). 1913 жылы Хиуа ауруханасында әйелдер бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарған Гүлсім Асфендиарова орыс дәрігері А.Анисимовпен біріге отырып, алғаш рет жүкті әйелдің жатырына операция жасап, жас ана мен нәрестенің өмірін ажалдан құтқарып қалған. Сонымен қатар Г.Асфендиарова халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, оқуға тарту, ана тілінде дәріс беру, дәрігерлік оқу орнының беделін көтеру сынды мәселелерді шешуде үлкен рөл атқарды. Г.Асфендиарова өмірінің соңғы күндеріне дейін дәрігерлік және оқытушылық қызметтермен айналысып, жергілікті ұлт өкілдері арасынан медициналық кадрларды даярлау ісіне зор үлес қосты. Бүкіл саналы ғұмырын туған халқына қызмет етуге арнаған Гүлсім Асфендиарова 1937 жылы қайтыс болып, туған қаласы Ташкентте жерленді.

Дереккөз: qazaqadebieti.kz

Жүктелуде...