Петропавлда 22 жастағы әйел өзінің үш жасар қызын оңдырмай сабап тастаған. Соның салдарынан араға біраз уақыт салып қызы қайтыс болған. Қазір әйелдің ісі қайта қаралды. Енді айыпталушы 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгінде келіншек күдікті ретінде тергеу изоляторында отыр. Солтүстік Қазақстан облысының полициясы үш жасар қыздың өліміне қатысты іс қайта қаралғанын хабарлады. «Кәмелетке толмаған баланың денсаулығына біле тұра ауыр зиян келтіру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. «Қыздың қайтыс болуына байланысты іс Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне қайта сараланды, онда 8-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген» деп хабарлады СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі өкілдері. Құқық қорғау органдары тергеу Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті мен прокуратура басшылығының ерекше бақылауында екенін айтты. Айта кетейік, үш жасар қыз 27 ақпанда қайтыс болған еді. Ол 17 қаңтарда ес-түссіз күйінде ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы полицияға дәрігерлер хабарлаған.
Жүктелуде...