Жаңалықтар

Шымкентте 1 мамырдан бастап қандай нысандар жұмысын бастайтыны жарияланды

Шымкентте 1 мамырдан бастап қандай нысандар жұмысын бастайтыны жарияланды

 width= Шымкент қаласында 1 мамырдан бастап бірқатар кәсіпкерлік нысандар жұмысын бастайтын болды. Бұл туралы  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 27 сәуірдегі мәлімдемесіне орай өткен брифингте айтылды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов 1 мамырдан бастап кейбір кәсіпкерлік нысандарының қалпына келтірудің бірінші кезеңі басталатынын айтты. – Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Президент тапсырмасымен елімізде карантин режимін жеңілдету мәселесін қарастырған болатын. Осыған орай, Шымкентте 1 мамырдан бастап бірқатар қызмет көрсету, сауда салалары мен қаржы ұйымдары іске қосылады. Дегенмен, бүкіл жерде қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы тиіс, – деді қала әкімінің орынбасары. Брифингте бірінші кезеңде қандай мекемелердің жұмысқа кірісуіне болатыны да айтылды. Олардың қатарына қызмет көрсету саласы бойынша егер жеткізу сервисі болған жағдайда алдын ала жазылу арқылы химиялық тазалау, кір жуу орындары, кілемдерді тазалау жұмыстары іске кірісе алады. Сонымен бірге,  тұрмыстық (оның ішінде ұйымдастыру техникасы, мобильді құрылғылар) және өнеркәсіптік техниканы жөндеу орталықтары, автожуу орындары жұмысын бастамақ. Шиномонтаж, май ауыстыру орталықтары, техникалық қызмет көрсету стансалары, токарлық, дәнекерлеу және жиһаз цехтары, алдын ала жазылу бойынша санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып сұлулық салондары, шаштараздар, ателье, киім мен аяқ киімді жөндеу нүктелері сағат 10.00-18.00 аралығында жұмыс істейді. Ал, «Сергек» деректер базасына тіркелген автокөлік құралдары үшін автосервистер де жәйлап жұмысын бастаса болады. Бұдан бөлек, сауда саласында тек тұрмыстық техникаларды онлайн-жеткізу режимінде жұмыс істейтін сауда үйлері мен дүкендерге, көшеттерді, пестицидтерді, тыңайтқыштарды, бау-бақша тауарларын сататын дүкендерге, жүк автокөлігі мен ауыл шаруашылығы және құрылыс техникасына арналған автобөлшектер мен шиналарды сататын дүкендер мен қоймаларға, оптика және автосалондарға рұқсат беріледі. Ал,  микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және ақша айырбастау пункттері сағат 10.00-18.00 аралығында жұмыс істейтін болады. – Бүгіннен бастап жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік нысандарынан өтініштерді қабылдау жұмыстары жүреді. Ол үшін біз Шымкент қаласындағы 4 ауданнан электронды пошта ашып отырмыз. Азаматтар кәсіпкерлік нысаны орналасқан аудан бойынша аталған поштаға өтініштерін қалдыра алады. Барлық қызмет көрсету нысандары 2ГИС ақпараттық қызметіне тіркелуі қажет.  Өтініштерді азаматтар 2020 жылғы 30 сәуір, сағат 14:00-ге дейін ұсынып үлгеруі тиіс. Осы күні жауапты мамандар барлық өтінішті жедел қарап, құжаттар расталған жағдайда кәсіпкерлік нысандарға 1 мамырдан бастап жұмысын бастауға рұқсат беріледі, – деп атап өтті Мақсұт Пернебайұлы. Брифингте қала ішінде қоғамдық көліктердің және халыққа қызмет көрсету орындарының  қашан іске қосылатыны туралы сұраққа, олардың тәуекелі жоғары нысан болып табылуына орай әзірге жұмыс істемейтіні айтылды. Назгүл НАЗАРБЕК Сілтеме