Жаңатас қаласында шыққан өрттің себебі белгілі болды
Жаңатас қаласында шыққан өрттің себебі белгілі болды

«Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын-ала мәліметтері бойынша, өлім улы газдан уланудан, ал өрттің ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсек-орын жабындарының бетіне тигенінен болған. Өрттің қорытынды себептері барлық қажетті сараптамалардың нәтижелері бойынша жарияланатын болады», деді Бақыт Ратаев.Сонымен қатар, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертханасының алдын-ала зерттеу мәліметтерін жариялады. «Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде орын алды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыған. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған», деді Ермек Момбаев. Ал, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен құрылған арнайы комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің өкімімен комиссия құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, полиция департаментінің, төтенше жағдайлар департаментінің және басқа да жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері енді. Кешеден бері комиссия мүшелері қайғылы оқиға орнында болып, жұмыс жүргізуде. Біздің тарапымыздан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Соның ішінде психологиялық көмекті және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қол ұшын береміз», деген Ұлан Жазылбек қара жамылған отбасына көңіл айтты.Әкім орынбасарының айтуынша, отбасы толыққанды. Балалардың әкесі жұмыс істейтін болса, анасы мұғалім болып еңбек етеді. Алайда, қазіргі уақытта декреттік демалыста екен. Сондай-ақ, Ұлан Жазылбек әлеуметтік желілерде өрттен зардап шеккен 60 жастағы әйел туралы қауесетті жоққа шығарды. «Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Басқа зардап шеккендер жоқ», деді ол.