Қордайда ақсақалға қол көтерген әкелі-балалы Юнхуларға үкім шықты
Қордайда ақсақалға қол көтерген әкелі-балалы Юнхуларға үкім шықты
Сотта 27 жастағы Марат Юнхуға бұзақылық жасап, адам денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді, оның 60 жастағы әкесі Эрсман Юнхуға бұзақылық жасады деген айып тағылды. Әкелі-балалы бұзақыдан зәбір көрген Құдашбаевтар отбасы сотта зардап шегуші деп танылды. Сот залында жарияланған үкімде осылай айтылды.
Сот 24 сәуір күні сотталушы Марат Юнхуды кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтеуге кесті.
«Юнху Марат Эрманэұлын ҚР ҚК 293 бап 3 бөлім 1 және 2 пункті (бұзақылық), 107 бап 2 бөлім 5 пунктіне (денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру) сәйкес қылмыстық құқық бұзғаны үшін кінәлі деп танылсын. Осы баптарға сәйкес екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, жазасы қылмыстық-атқару жүйесі орташа қауіпсіз мекемелерінде өтелсін», – делінген Жамбыл облысын Қордай аудандық сотының үкімінде.
Ал оның әкесі Эрсман Юнху болған оқиғаға кінәлі деп танылып, 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оған қылмыстық кодекстің 293 бабы 2 бөлімі 1,2 пункттері бойынша айып тағылған.
Бұдан бөлек, сот әке мен баладан 3 миллион теңгеден астам моральдық шығын өндіруді, сондай-ақ сот шығындарын төлеуді міндеттеді.