Жаңалықтар

Аймағамбетов мектеп оқушыларының өзін-өзі басқаруы қалай жүргізілетінін айтты

 width= Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептегі оқушылардың өзін-өзі басқаруы қалай жүргізілетінін айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

- Әдетте оқушылар арасында сайлау ұйымдастырылып, мектеп парламентінің мүшелері сайланатын. Оның құрылымында атқарушы органдар да болуы мүмкін, олардың әрқайсысы өз бағытына жауап береді. Бұл жүйе оқушыларға басқарудың не екенін түсінуге, олардың саяси және құқықтық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. Балаларға жауапкершілік жүктеп, өз бетінше әрекет етуге жағдай жасайды, - дейді министр. Аймағамбетовтың айтуынша, оқушылар мектептегі барлық білім алушалардың мүддесіне сәйкес бастамалар көтеріп, тиісті шешім қабылдауды және оларды жүзеге асыруды үйренеді. - Мектептегі өзін-өзі басқару білім беру процесін демократияландыру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға және бар мәселені бірлесіп шешуге өз ықпалын тигізеді. Алдағы уақытта өзін-өзі басқару үрдісі де дебат ойындары сияқты мектептердегі, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналады. Біз өз кезегімізде балалар мен жастардың шығармашылық және зияткерлік тұрғыда дамуына бағытталған жобаларды қолдайтын боламыз, - деді Асхат Аймағамбетов. Ол өз сөзінде мұндай кішігірім бастамалар біздің қоғам үшін өте маңызды екенін атап өтті. Яғни пікірсайыстар мен өзін-өзі басқару жүйесі әлеуметтік капитал мен қоғамдық сенім деңгейін көтеруге де әсер етеді.