«Пандемия әсерінен талқылауды қысқарттық» - Абаев митинг туралы заң жобасын түсіндірді
«Пандемия әсерінен талқылауды қысқарттық» - Абаев митинг туралы заң жобасын түсіндірді
Бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі AzattyqRuhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа заң жобасын таныстырған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирус пандемиясы оны қоғамдық талқыға салуға кедергі жасағанын айтты.«Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның 9 өңірінде жұртшылықты, азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып, 20-ға жуық қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Негізі, бұдан да көп талқылау жоспарлағанбыз. Бірақ, пандемияның себебінен қысқартуға мәжбүр болдық. Заң жобасын Қазақстандағы халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктер үшін де жеке таныстырдық. Парламенттегі жұмыс топтарының отырыстарына халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, құқық қорғау саласы мен ғалым-заңгерлер белсене қатысты», - деді Д.Абаев.
Министр аталмыш заңда АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустралия, Сингапур, Жапония, Швеция және Ресей елдерінің тәжірибесі ескерілгенін алға тартты. Сондай-ақ барлық тараптың пікірін қанатағаттандыру қиын екенін де атап өтті.
«Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әлемнің көп елдері бейбіт митинг ұйымдастыру және өткізуде басты басымдықты қоғамдық қауіпсіздікке береді. Тіпті, бірқатар демократиялық елдер әлемдегі қоғамдық-саяси жағдайдың ушығуын ескере отырып, бейбіт митинг өткізу жөніндегі заңнамасын қатаңдатқан. Либерализация жолымен жүретін елдер де бар. Сондықтан, біз қоғамдық пікірді, әсіресе әлеуметтік желілерді зерделедік. Әлеуметтік зерттеулер жүргіздік. Қарама-қайшы пікірлер өте көп. Осы тұста уәкілетті мемлекеттік орган ретінде біздің министрлікке барлық мүдделі тараптың пікірін қанағаттандыратын оңтайлы шешім табу оңай болмағанын атап өткен жөн», - деді министр.