Елбасы кітапханасы мен Гейдар Әлиев орталығы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

28 Маусым, 2019 855 0

NewsROOM+. 27 маусым күні Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Гейдар Әлиев орталығы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап,newsroom.kz хабарлайды.

Меморандумның мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Әзірбайжанның мемлекеттік, саяси қайраткері, Әзірбайжан Президенті (1993-2003 ж.ж.) Гейдар Әлиевтің идеялары мен бастамаларын ілгерілету, сондай-ақ, жастар саясаты саласындағы, елдердің қалыптасуы мен даму тарихын және екіжақты қатынастарды зерделеу бойынша бірлескен мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырудағы ынтымақтастық.

Құжатқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов пен Гейдар Әлиев орталығының директоры, Гейдар Әлиев Қорының атқарушы директоры, Әзірбайжан Республикасы Бірінші вице-президентінің көмекшісі Анар Алакбаров қол қойды.

Кездесу қатысушыларына арналған сөзінде Әмірхан Рахымжанов: «Екі орталықтың қарым-қатынасы бүгін басталып отырған жоқ. Өткен жылдың маусымында Гейдар Әлиев орталығында Елбасы Кеңсесінің Басшысы, Тұңғыш Президенттің серіктесі Махмұд Қасымбековтің әзірбайжан тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты кітабының тұсаукесері өтті. Міне, бүгін біздің болашақтағы ынтымақтастығымыздың бағыттарын нақты анықтайтын Меморандумға қол қойдық. Ең алдымен, бұл еңбегі мен өмірін Қазақстан мен Әзірбайжан сынды бауырлас халықтардың дамуы мен гүлденуіне арнаған ұлттық лидерлердің жасампаздық идеяларын ілгерілету. Бұл заманауи жастар үшін үлгі, ұрпақтарымыз үшін мұра. Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиевтің достығы Қазақстан мен Әзірбайжан қатынастарын нығайтуда ғана емес, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қалыптасуында да үлкен рөл атқарды», - деп атап өтті.

Әмірхан Рахымжанов Гейдар Әлиев орталығының директоры Анар Алекперовке және орталық ұжымына ұйымдар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қоюға арналған іс-шараны ұйымдастырғандары үшін ризашылығын білдірді.

Гейдар Әлиев орталығының директоры Анар Алакбаров та өз сөзінде тығыз қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті: «Гейдар Әлиев орталығы Қазақстанды әзірбайжан жұртшылығына кеңінен таныстыруға ықпал етеді. Біздің ұйымдарымыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен Әзірбайжанның жалпыұлттық лидері Г.Әлиевтің идеяларын ілгерілету ісінде белсенділік танытулары тиіс. Бүгін қол қойылған Меморандум қызметкерлерімізге тығыз байланысты құруға септігін тигізеді. Аталған құжат аясында көптеген жобаларды жүзеге асырып, жақсы нәтижелерге жетуге болатынына сенімдімін», - деді А.Алакбаров.

Қазақстандық делегацияның сапары Қазақстанның Әзірбайжан Республикасындағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы кітапхананың, архивтің, музейдің, талдау, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ақпараттық-идеологиялық кешені.

Гейдар Әлиев орталығы Әзірбайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің әзірбайжандық мемлекет құрылысы философиясы мен идеологиясын іргелі зерттеу саласындағы бірізді қызметті жүргізумен, сондай-ақ әзірбайжан тарихын, тілін, мәдени, ұлттық және рухани құндылықтарын дамытумен айналысады.  

Тегтер: ГейдарӘлиев, Елбасыкітапханасы, меморандум, кітапхана

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.