Асқар Мамин Алматыда кеңес өткізді
Асқар Мамин Алматыда кеңес өткізді

"Алматы қаласы елдің ЖІӨ-нің бестен бір бөлігін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында жетекші орынға ие. Мегаполистің одан әрі айтарлықтай даму әлеуеті бар. Жаңа жұмыс орындарын құру, қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды және жалпы алғанда, Алматы агломерациясының экономикасын дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет", – деді А. Мамин.Үкімет басшысы барлық жоспарланған жобаларды уақытылы және сапалы жүзеге асыруды, сондай-ақ Алматы қаласын одан әрі дамытуға инвестициялар тартуды қамтамасыз етуді тапсырды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 4,6%-ға 1,052 трлн теңгеге дейін өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 6,9%-ға (машина жасау 35,8%-ға, фармацевтика 43,5%-ға, қағаз өндіру 95,6%-ға, жеңіл өнеркәсіп 5 есе) артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17,2%-ға 971,2 млрд теңгеге дейін өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 402,7 млрд теңгені құрады (+10,6%), 2,4 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді (+14%). 2021-2024 жылдары Алматы қаласында 35,4 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 4,5 трлн теңге болатын 201 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. Биыл 7 мыңнан астам жұмыс орнын аша отырып, 187,9 млрд теңгеге 92 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жұмыс сапары аясында А. Мамин Алматы қаласының тұрғын үй инфрақұрылымы құрылысының барысын тексерді, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азиядағы аса ірі "SmArt.Point" коворкинг орталығын аралады, онда АТ, қаржы технологиясы, онлайн-сауда, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, киберқауіпсіздік, блокчейн, АT-білім беру, медиа, автоматтандырылған логистика, жасанды зерде, роботты техника және т. б. салалардағы 60-тан астам компания ұсынылған.