Садыр Жапаров Қырғызстан президенті қызметіне ресми түрде кірісті
Қырғызстанның алтыншы президенті Садыр Жапаровтың инаугурациясына мыңнан астам адам - заң шығару, сот, атқару билігінің өкілдері, экс-президенттер, халықаралық ұйымдар мен көрші елдерден келген қонақтар қатысты. Бұған дейін инаугурация рәсіміне Қазақсанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев шақырылғаны хабарланған еді. Алайда Назарбаевтың өзі шараға келмеген. Оның құттықтау хатын рәсім кезінде Жансейіт Түймебаев оқып берген. Садыр Жапаров былтыр қазан айындағы оқиғадан кейін билікке келген. Қараша айында президент сайлауына қатысқысы келетінін мәлімдеп, премьер-министр өкілетінен бас тартқан. Президент міндетін уақытша атқаруды да тоқтатқан. 10 қаңтарда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, оған 17 кандидат қатысқан. Сайлаудың ресми нәтижесі бойынша, Садыр Жапаровқа сайлауға қатысқандардың 79,20 пайызы дауыс берген. Жапаров кеңсесі үкімет үйінде орналасады. Осыған дейін президент жоғарғы кеңес ғимаратында істеп келген еді.