Айдана Балқымбаева: Ожданға хат

Айдана Балқымбаева: Ожданға хат

ашық дереккөзі

 width= Конкурсқа келіп түскен келесі ең қысқа әңгіме. Айдана Балқымбаева 1994 жылы ШҚО Үшқарада дүниеге келген.  SDU университетінің түлегі.  Ожданға хат Сені көрмегелі көп болды.  Көшедегі адамдардың жүзінен, кездескеннің көзінен, сөйлескеннің сөзінен сені іздейтін болдым, Ождан. Жақында сенің маған, адамдарға қаншалықты керек екеніңді түсіндім... Жағдай поезда болды. Әдеттегідей, алыс жол алдында қалаға қимастықпен тағы бір қарадым. Қаланың күйбеңіне ұйыған назарымды баланың саңқ еткен даусы өзіне бұрды. - Сіздің атыңыз кім? – Өзі менің төсегіме отырып алыпты. - Менің атым – Азамат. Сіздің атыңыз кім деймін? - Айдана. - Ал сіздің? – бала арғы жағында отырған жігітке қарады. - Еркін. Танысқаныма қуаныштымын. Үйлеріңізге қайтып бара жатырсыздар ма? Ал мен әскерден келемін, - деді жігіт. Ешкім сұрамаса да әңгімесін бастап кетті. «Бір жыл әскерде болдым. Маңғыстауда. Шекарада. Ол жақтың күні ыстық болады екен. Шөл дала. Іздесең де бір тамшы таза су таппайсың. Шекара түбіне тастап командирлер апталап жоғалып кетеді. Қолдағы суды барынша үнемдейміз. Барының өзі жылып кетеді. Камаздың көлеңкесіне қоямыз. Оның да пайдасы шамалы. Бір апта болғанда қолымыздағы су қоры да таусылады. Амалсыздан бақа жүрген лай суды тұндырып ішеміз.» Ішімнен ел іргесін күзетуде мұнша қиындық көрген жігітке сүйсініп отырмын. Жігіт әңгімесін әрі жалғады. «Бірақ соңғы екі аптам жақсы өтті. Қазақстанға шет елдерден келетін поездардағы адамдардың құжаттарын тексеретін болдық. Міне, нағыз өмір. Тексеріс басында біз жүреміз, соңымыздан командиріміз еріп отырады. Мен ең алдына өтіп кетемін. Сөйтіп, командир келгенше құжаттары жоқтар ақша, телефон, құнды заттарын беріп құтылады. Күніне ең аз дегенде он мың жинайсың. Жақсы болды. Керек-жарағымды түгендедім. Жігіттерге естелік альбом жасатып алдым, салтанатты әскери киім алдым. Көрсетіп анамды қуантайын. Тағы қалған ақшаға Алматыға келіп қыдырдым, киім алдым...» Жігітсымақтың одан кейінгі әңгімесін естімедім.  Бойымды жиіркеніш билеп кетті. Неткен азғындық! Елін, анасының үмітін, аталарының аманатын сатқан жетесіз жігіт әлдеқашан ұйықтап кетсе де, желкемде қақсап тұрғандай болды. Ождан! Сол кезде сен жетіспедің... Сені сағындым... Еркіннің де көздерінен сені іздегем... Таппадым... Сені қалай қайтарсақ болады, Ождан? Әйтпесе өзегін ойлап, қарнын сипаған жұрттан баз кешкендеймін...

Жүктелуде...