Гүлнұр Жақсылықова: Қыз дейін бе, әйел дейін бе?

Гүлнұр Жақсылықова: Қыз дейін бе, әйел дейін бе?

ашық дереккөзі

 width= Шынайы өмірден алынған "ең қысқа әңгіме" републикалық байқауына келген келесі шығарманы оқып, бағасын беріңіздер. Жақсылықова Гүлнұр Еркінқызы Қызылода облысы Байқоңыр қаласының тумасы. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің түлегі. Бүгінде телевизия саласында жұмыс істейді. Үш баланың анасы. ҚЫЗ ДЕЙІН БЕ, ӘЙЕЛ ДЕЙІН БЕ? Алматы мен үшін талай жас қанат байлап, асқақ армандарын бетке алып ұшқан, рухани, мәдени орда. Шуақ шашқан күнге, басын ақ шалған Алатауға сүйсіне, үздіге қарайсың. Биік шыңдар әрдайым саған мақсаттарыңды, армандарыңды еске салып тұратындай. Осы құтты мекенде басымнан кешкен қызықты оқиғаларға менімен бірге саяхат жасауға шақырамын. ҚОРЫҚҚАНҒА ҚОС КӨРІНЕДІ 1-курс. Бірде кластастармен кездесуден кейін кештетіп жатақханаға келе жатқам. Орман сияқты қараңғы КазГУградтың ішінде жылдам басып келе жатырмын. Ол кезде шамдар қойылмаған. Алыстан жатақхана терезелерінен сәл-пәл жарық түсіп тұр. Ортада тоғысатын екі тарам жолдың бірімен келе жатыр едім, келесі тарамнан қолында жалт-жұлт еткен темір таяғы бар жігіт көрінді. Жақындаған сайын қолындағысы жарқырай түседі. Бізге дейін КазГУградта қараңғыда түрлі қылмыс болғанын естіп алған менің тізем мұздап қоя берді. Е, біткен жерім осы, мына маньяк қолындағы темірмеееен... Жүрегім аузыма тығылып, жылдамдықты одан сайын үдеттім. Ол да қалар емес. Қаласам да, қаламасам да, ортақ жолға қатар шықтық. Сөйтсееем, қолындағысы прозрачныймен оралған бір тал гүл екен ғой. Әккеңнің. Сонша қорқытып мені, зәремді алды ғой! Жігітке жол беріп, артта келе жатырмын, іштей өзіме күлкім кеп. Қорыққанға қос көрінеді деген осы екен. *********** ҚЫЗ ДЕЙІН БЕ, ӘЙЕЛ ДЕЙІН БЕ? 2006 жыл. КазГУ-дың қабылдау комиссиясы. Анкета толтырып отырмын. "Жынысы" дегенді толтыруға келгенде кідіріп қалдым. Байқоңырда ақшамыз рубль, іс-қағаз, құжаттың барлығын тек орысша толтырып үйренген мен "Пол" дегенде "жен." деп көрсетіп келгем 17 жасыма дейін. Ынта-шынтаммен қабылдау комиссиясындағы қыздан "Жынысы деген жерге "қыз" дейін ба, әлде "әйел" дейін ба?" деп сұрағаным сол еді, ана жердегі қаптаған абитуриент қыран-топан күлкіге қарық болды. Қағынған біреуі "оны енді өзіңіз білесіз ғой (вам виднее)" деп үлгерді . Ал мен шынымен білмегем не деп жазарымды. Кейін білдім ғой кім екенімді. *************** ТФУ, МӘ САҒАН! 2006 жыл, 1-курс. Құрбыларыммен бірге тиелген автобуста кетіп барамыз. Жатақханаға келген бойда әмиянымның жоғалғанын түсіндім, сумаңқол ұры сездірмей зып еткізіпті. Ренжіді дейсіз бе? Түк ренжімедім. Абырой болғанда, сол күні құжаттарымды бөлек сөмкенің ішкі қалтасына салыппын, әмиян да 500 теңгенің арзан дүниесі болатын. Тек бір қынжылтатыны... Әлгі ұрыдан ұят болды ше?! Ол байғұс алақанын ысқылап, "жорыққа шықты". Кошелекті ашып кеп қалғанда, "тфу, мә саған" деген 200 теңге шығып, баукеспем мені "шшшш шолпааан" деп бір сыбап алған болар.

Жүктелуде...