
Жабайы аңдардың миграциясына әсер ететін ең басты факторлар қандай? Орманшылардың әлеуметтік жағдайы туралы, сонымен қатар Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтің желідегі аң терілерімен түскен суретіне байланысты Натуралист Сәкен Ділдахметпен сұхбаттастық.
- Инфрақұрылымды дамытамыз деп жабайы табиғатты құртып алмаймыз ба? Қалай ойлайсыз? Кез келген инфрақұрылым негізі зерттеліп салыну керек. Мына мәселелерден бастау керек. Бірінші, көбінесе жабайы аңдардың миграциясына әсер ететін ең басты факторлардың бірі бұл тас жолы, темір жолдардың түсуі. Жабайы жануарлар жыл сайын көшіп-қонып жүреді. Көшіп-қонған кезде өздерінің жылдап-ғасырлап бекітілген жолдары бар. Осы жолдар да тас жол түспесе, темір жол түспесе олардың өсіміне оң септігін тигізеді. Бірақ соңғы күндері нені байқап жүрміз, Батыс-Еуропа, Батыс-Қытай өте үлкен магистралы түскен болатын. Бұл магистралдың бойынан көлікпен өтіп бара жатсаңыз талай жабайы аңдарды көруге болады. Осы өте үлкен автобандары өте алмай тұрады.
Бұдан бөлек былтырдан бері Орталық-Батыс тас жолының салыну мәселесін көтеріп келе жатырмыз. Арқалық, Ақтөбе жақтарда қазіргі таңда тас жол салыну мәселесі қарастырылып жатыр. Осы ретте эколог мамандар бой көтерді. Орталық-Батыс тас жолы салынған кезде бұлар негізгі министрліктің ұсынған жобасы бойынша бұл тас жол киіктердің миграциялық жолын қиып өтеді екен. Сондықтан эколог мамандар бірігіп ұсыныс білдірді. Бұл тас жол айналмалы түрде өтсін. Неге десеңіз, киіктердің популяциясына қатысты миграциялық жолдарға тас жол түсетін болса киіктердің санына әсерін тигізеді.
Бір мысал келтіруге болады. 2015 жылы Бейнеу-Шалқар темір жолы салынған болатын. Бұл темір жолды салуда киіктердің миграциясы ескерілмеген Соған сәйкес еліміздегі үстірт популяциясының, яғни киіктердің саны өспей жатыр.
- Табиғатты қорғау мен сақтауға қоғам қаншалықты үлес қосуда? Негізі бүгінгі күні табиғатты қорғауға басты рөлді табиғат сақшылары атқарып жатыр. Облыстық орман шаруашылығы және аумақтық инспекция мамандары бүгінгі күні мынау 24 сағат бойы жыл 12 ай қорғауда. Басты жүк осы мамандарға жүктелуде.
Қоғам үй жануарларына қатысты белсенділік танытуда. Әлеуметтік желілер де бой көтеріп осы мәселелерді талқылап жүр.
- 12 ай орман қорғайтын орманшылар 40 мың теңге ғана алады. Бұл мәселе шешімін таба алды ма? Дұрыс айтасыз, әлі де орманшылардың жалақы мәселесі шешімін тапқан жоқ. 2019 жылы заңнамаға өзгертулер енгізіліп тек ауылды мекендерде орманшылардың айлығы өскен болатын. Соншалықты деңгейде қатты өсім емес. Қазір орманшылардың жалақысы осы 40-50 мың теңге көлемінде ғана. Әрине жұмыс оңай емес. Жыл 12 ай далада, жабайы табиғатта, орман ішінде кезігетін браконьер бар, жабайы аңдар бар, бұл оңай емес. Өте ауыр жұмыстардың бірі, сондықтан осы ретте тиісті мемлекеттік орган әлі де болса осы орманшылардың әлеуметтік жағдайын арттыру бойынша мәселені қолға алып жатқан жоқ. Өте үлкен жұмысты қазір еліміздің табиғатын сақтап, қорғап отырған осы орманшылар. Себебі барлық жабайы табиғат шет аймақта орналасқан. Ол жерге жету де қиын.
- Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтің желідегі аң терілерімен түскен суретіне байланысты қандай ой айтар едіңіз? 
Негізі Қайрат Закирьянов те аңшы екен. Мақаладан оқып, біліп жатырмыз. Әрине бұл жерде басты назар аударылған дүние қар барысының терісінің кабинетінде тұруы. Қайдан алды?
Қар барысы бүкіл әлем бойынша қызыл кітапқа енген әрі барлық елдер де қорғалған. Қазір терісі заңсыз түрде алынса жауапқа тартылуы керек. Осы мәселені көтердік. Құқық қорғау органдары қолға алды деп жауапты министрлік ақпарат берген болатын. Әрине, ең бастысы жабайы жануарларға қатысты әрекеттердің барлығы да заңды болуы керек.
- Осы мәселеде адамдарға нақты қандай кеңес берер едіңіз? Жалпы жабайы табиғат пен жабайы аңдар тіршілік балансын ұстап тұрмай ма? Қазақстанның заңнамасында жабайы аңды ұстауға, оны атуға рұқсат береді. Ең бастысы барлық құжаттар болуы тиіс. Бұл аңшылық, жабайы жануарлардың терісін коллекциялық мақсатта қолдану әлемдік үрдіс қой. Ондай қызығушылық танытатын адамдар өте көп негізі. Заңды түрде болу керек бұл мәселе. Бірінші, аңшылық қаншама жылдан бері келе жатқан дәстүрдің бірі. Екіншіден, егер дұрыс аңшылық жасалса жабайы жануарлардың санының реттеп тұруына беретін өте үлкен мүмкіндіктердің бірі. Біз барынша жабайы аңдарды қорғауымыз керек.
- Жабайы аңдарды сақтау адам өміріне қалай әсер етеді? Біріншіден, табиғат бәрімізге ортақ. Біз табиғатты қолдануға, пайдалануға құқықтарымыз бар болса, жабайы жануарлардың да сол табиғатта мекен етуге, өмір сүруге құқықтары бар. Жабайы жануарлар адамзаттың пайда болуымен бірге келеді. Мысалы, қасқырдың өзін алсақ. Табиғат санитары, көптеген ауру жануарларды, малдарды жеп түрлі аурулардан сақтайды. Қарап отырсақ бүкіл әлемдегі, табиғаттағы балансты ұстап тұрған ағаштың өсуі болсын, шөптің өсуі болсын, жәндіктердің барлығының өзіне дерлік табиғаттағы үлесінің арқасында осындай әлемде тұрақты экологикалық баланс сақталып отыр. Біз тек қолданушы, пайдаланушы ретінде емес, сақтаушы ретінде де қызмет атқаруымыз қажет. Сондықтан біз бұған адамгершілік тұрғыда қарауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан: Динара Орынбекқызы