Оңтүстік Кореяда сотталған 25 Қазақстандық жазасын Қазақстанда өтейді
Оңтүстік Кореяда сотталған 25 Қазақстандық жазасын Қазақстанда өтейді

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР Бас Прокурорының Орынбасары «Қазіргі таңда Кореяда 25 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Бізде Кореяның бір азаматы жазаға тартылды. Ұсынылып отырған келісімге ратификация жасалған жағдайда бұл азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Олар елге келіп, әлеуметтік ортасында жазасын өтейді».Марат Ахметжановтың сөзінше, шетелде жүріп, аяғын шалыс басқандарды елге қайтару Конститутциямызда жазылған. Сондықтан, бұл аса маңызды міндет. Оңтүстік Корея түрмесінде жазасын өтеп жүрген 25 жанның бірі 21 жастағы отандасымыз. 2019 жылдың қыркүйек айында ол Кореяда рұқсаты болмаса да, көлік тізгіндеп, 7 жастағы баланы қағып кеткен еді. Оқыс оқиға кезінде балақайдың 18 жерден сүйегі сынып, басынан зақым алған болатын. Өз айыбын түсінген отандасымыз кейіннен Қазақстанға қашқаны да белгілі болды. Алайда елдегі тәртіп сақшылары оны қылмыс орнына қайтарды. Кореядағы мамандар біздің азаматты айыпты деп танып, 2,5 жылға соттады. «Бүгінде Оңтүстік Кореяда тағы 26 адам түрлі қылмыс жасаған. Демек, олар қазіргі кезде сот үкімін күтіп жүр. Дегенмен, Марат Ахметжанов осы 26 жанның қандай қылмысқа барғандығын ашып айтпады». Депутаттар Ғизат Нұрдәулетовтың орынбасарынан өзге елдің түрмесіндегілер біздің түзеу мекемелеріне ауысқанда жазадан құтылып кетпей ме деп сұрады. Марат Ахметжанов әркім «қолыменен жасағанын мойнымен толықтай көтереді» деген сыңай танытты. Осыдан кейін халық қалаулылары екі ел арасындағы келісімді ратификациялады. Жиында Мәжіліс төрағасы да сөз алып, әріптестерін жақсылап жұмыс істеуге шақырды.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы «Заңдар ең алдымен халықтың өмір сапасын, білім, денсаулық салаларын жақсартуға, әлеуметтік қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал етуге тиіс. Сондықтан біздің басты мақсатымыз жоспарға сәйкес, өз уақытында халыққа қажетті, пайдалы заңдар қабылдау».Қазақстандықтардың көбі Оңтүстік Кореяға нәпақа табу үшін баратыны жасырын емес. Тексеріс кезінде олардың біршамасында аталмыш елде ұзақ уақыт өмір сүруге, еңбек етуге құжаттары да болмай шығады. Ашық ақпарат көздерінде бүгінде Кореяда 11 мың отандасымыз күн көріп жүргені келтірілген. https://youtu.be/Vg8VPB-y_IY