
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мектепте ұялы телефон пайдалануға тыйым салынбағанын мәлімдеді деп хабарлайды –
Newsroom+ақпарат агенттігі.
"Қазіргі кезде әлеуметтік желіде "мектепке телефон әкелуге тыйым салынды" деген ақпарат таралып жатыр. Ол шындыққа жанаспайды. Бұрынғы ереже қалай болды, солай қалды", - деді Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Ал бұрынғы ереже бойынша әрбір мектеп өзінің жарғысы, қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитеті шығарған шешімге қарай кейбір заттарды әкелуге шектеу енгізе алады.
"Осы норма бұған дейін болды. Сондықтан жаңа заңда ондай өзгерістер қарастырылмаған", - деп атап өтті Каринова.
Вице-министр ұялы телефондар мен гаджеттерге тыйым салуға қатысты әңгіменің қайдан шыққанын да түсіндірді.
"Бір бұйрықтың жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Ондай құжаттар ылғи жарияланады. Негізгі мақсат – қоғамның пікірін білу. Сондай-ақ, әріптестеріміз – педагогтар да өз ұстанымын айта алады. Ал бұйрықтың жобасы талқылаудан алынғаннан кейін порталға түскен ұсыныстар мен ескертулердің негізінде міндетті түрде түзету енгізіледі", - дейді Каринова.
Білім және ғылым министрлігі мектепте смартфондарға тыйым салу мәселесін жан-жақты зерделеуге мүдделі.