Үкімет отставкаға кетуге дайындалып жатыр

Үкімет отставкаға кетуге дайындалып жатыр

ашық дереккөзі

 width= 12 қаңтарда Асқар Маминнің басшылығымен үкімет отырысы өтеді, бұл қазіргі министрлер кабинетінің соңғы отырысы болатын тәрізді. Бұл туралы Newsroom ақпарат агенттігі sputnik.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  Парламент сайлауынан кейін министрлер кабинетінің өкілеттігі тоқтатылады. Бұл – заңның талабы. Жексенбі, 10 қаңтар күні Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс депутаттарының сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша парламентке үш партия өтіп отыр:

  • "Nur Otan" партиясы –71,09 %;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы – 10,95 %;
  • Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер) –9,10 %.
"Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы мен "Адал" саяси партиясы жеті проценттік шекті бағындыра алмады. Айта кетсек, қазіргі премьер-министр Асқар Мамин Nur Otan-ның атынан ұсынылған мәжіліс депутаттығына үміткерлердің тізіміне енген болатын. Партиялық тізімде 126 адам бар. "Қазақстан Республикасының үкімет туралы" конституциялық заңға сәйкес, үкімет парламент мәжілісінiң өкiлеттiк мерзiмi шегінде жұмыс істейді және жаңадан сайланған мәжілістің алдында өз өкiлеттiгiн доғарады. Премьер-министр мен министрлер үкiметтің жаңа құрамы бекiтiлгенге дейiн өз мiндетін атқара бередi.
"Біздің заңнамаға сәйкес, үкімет отставкаға кетуі тиіс. Мен сайлау аяқталғаннан кейін парламентке барамын. Фракция жетекшілерімен, депутаттардың жаңа құрамымен премьер-министр мен үкімет мүшелерінің кандидатурасын ақылдасамын", - деді Тоқаев 10 қаңтарда журналистерге берген брифингте.
Премьер-министр тағайындалғаннан кейiн он күннің ішінде үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы ұсыныстарды президенттің қарауына енгiзедi. Бұдан бөлек, ол үкімет мүшелігіне үміткер әрбір адамның кандидатурасын мәжілістің талқылауына шығарады. Бірақ олардың қатарына сыртқы істер, қорғаныс пен ішкі істер министрлері кірмейді.

Жүктелуде...