ТоқаеV. Тұлғалық тұғыр төрттағаны

02 Маусым, 2019 588 0

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бүгінге дейін халық үшін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне тапсырылған барлық буындарда атқарған сан қырлы жұмысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірде-бір сынына ілікпеген қайраткер екенін көзі қарақты, көкірегі ояу жұртшылық жақсы біледі. Ал, енді Қасым-Жомарт халықтың құрметіне несімен ие болды? Елдің ерекше ілтипатына бөлене білген ардақты азамат елді нақты қандай қасиеттерімен баурап алды? Сайлау барысында бұл тақырыпты аттап кету – азаматтығымызға  сын.

Сондықтан да Қ.К.Тоқаевтың халық сүйіспеншілігін тудырған тұлғалық тұғырындағы төрттағанға толығырақ тоқталып кеткенді жөн көрдік. Ол төрттағанның қатарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ар тазалығын, ізгіліктілін, ашықтығын және әділеттілігін айтар едік. Шынында да ары таза адам ғана гуманист бола алады. Ал, ізгілікті адам халықтан ештеңені жасырмай, өз ойын ашық айта біледі. Өз кезегінде билікте отырған адамның ашықтығы әділдікке ұмтылатынын білдірсе керек. Мұндай құштарлық, сөз жоқ, бүкіл қоғамды құр даңғазалықтан құтқарып, Әділеттіліктің тамыр жаюына алып келетіні даусыз. Осындай логикалық жол. Осындай жасампаз жол.

Бірінші – Тоқаевтың ар тазалығы. Қ. К. Тоқаев – жемқорлыққа жаны қас, сыбайластыққа жол бермеген, «жаным – арымның садақасы» принципімен халқына қызмет еткен мемлекетшіл адам. Ол – қандайда бір кландық топтың сойылын соқпай келе жатқан таза саясаткер. Және оның тағы бір жағымды тұсы – 30 жыл ішінде аты бірде-бір жанжалда аталмауы. Мұның өзі қазіргі саяси элитаның арасында өте сирек кездесетін құбылыс екені де Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайраткерлік тұлғасын жақсы жағынан толықтыра түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев – басқалармен келісімге келе білетін компромисті фигура. Қазіргі алмағайып кезеңде ол әр түрлі саяси топтардың арасында тепе-теңдікті сақтап, мемлекеттің шаңырағын шайқалтуға жол бермейтін тұлға. Ол – өте мәдениетті және іскерлік ұмтылыстарында дипломатияға көбірек мән беретініне қарамастан керек жерінде батыл шешімдерге бара алатын өжет саясаткер. Бір ғана мысал. Премьер-министр кезінде Оралдағы жұмысшылар ереуілге шыққанда қасындағы оққағарларын қалдырып, жалғыз өзі мыңнан астам ереуілшілермен келіссөз жүргізгені Қасым-Жомарт Тоқаевтың шын мәнінде арының таза екенін білдіреді. Ары таза адам ғана халықтан қашпайды. Ары таза адам ғана халықтың жан-айқайын түсіне алады. Ары таза адам ғана әр адамның проблемасын шешуге ұмтыла алады .

Екінші – Тоқаевтың гуманистігі. Ол – ең алдымен елдің денсаулығы үшін де қам жейтін гуманист азамат. Мәселен, талай жастардың өмірін жалмаған есірткіге қарсы шығып, оның саудасын терроризммен теңестіруді ұсынғаны есімізден шыға қойған жоқ. Ол тіпті медициналық оқу орнында оқып жүрген студенттерге де ескерту жасаған. Әрі ауылдағы дәрігер тапшылығына да алаңдаушылық білдірген болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс жағдайын да қашанда күйіттеп жүрді. Мәселен, жанар-жағармай бағасы өсуі күтіліп отырғанда, Қ.К.Тоқаев көлеңкеде тығылып қалмай, Үкіметке жанар-жағар май құнын қатаң қадағалауды ескертті. Ескертіп қана қоймай, не істеу керектігін де ашып айтып берді.

Әлеуметтік желідегі өз парақшасында алыстағы Жаңа Зеландияда болған жайтты жазған Қасым-Жомарт Тоқаев лаңкестік әрекеттер салдарынан өмірі қиылған кінәсіз жандарға қабырғасы қайысып қайғырғаны да оның бүкіләлемдік масштабтағы гуманист екенінен хабар беріп тұр. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, терроризм мен экстремизмге қарсы адамзаттың бірігіп күресуіне үндейді.  Осының бәрін ескерсек, Н.Ә. Назарбаевтың өзі айтқандай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың расында ел тағдырын сеніп тапсыруға болатын азамат екенін анық аңғаруға болады.    

Үшінші – Тоқаевтың ашықтығы. Негізінен алғанда биліктің халыққа жақын болуының бірден-бір алғышарты – оның ашықтығы. Кез-келген маңызы зор мемлекеттік шешімдерді халыққа ашық түсіндіріп, сонан соң барып қабылдауы – шынайы демократияның көрінісі. Өйткені, кез келген саясат халықтың санасынан өткенде ғана жүзеге асатыны – философияның бұлжымас қағидаларының бірі. Осы заңдылықты жақсы игерген Қасым-Жомарт Тоқаев қай лауазымында болсын, халықпен байланысын бір үзбегенін біз жақсы білеміз. Билік пен халықтың арасындағы алтын көпір аталып кеткен бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болуды өзінің бірінші міндеті деп ұғатын Қасым-Жомарт Тоқаев ауық-ауық баспасөз мәслихатын өткізіп, өзі мақалалар жазып, сұхбаттар беруді әдетке айналдырғанынан да көп адам хабардар болса керек.

Ол тіпті халықпен байланыс ісінде мемлекеттік қайраткерлер арасында жаңалыққа бара білген бірінші тұлға деп айтуымызға да толық құқымыз бар. Ол шын мәнінде халықпен тығыз байланыс орнату ниетінде әлеуметтік желілерді пайдаланып, биліктегі әріптестеріне бірінші болып үлгі көрсетті.  Твиттер парақшасында 150 мыңнан астам оқырманы бар Қасым-Жомарт Тоқаев ештеңені жасырып қалу мүмкін емес бүгінгі ХХІ ғасыр заманының талабына толық жауап беретін басшы екенін дәлелдеп үлгерді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтан бетін аулақ салмай, олармен ашық байланыс орната білгені және қарамағындағы шенділерден де осыны талап етіп отырғандығы – өте құптарлық дүние.

Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаев –  журналистер қауымы ерекше құрмет тұтатын саясаткерлердің бірі де бірегейі. Олай дейтініміз, қандай мәселе болсын, ол өз ойын ашық білдіруден ешқашан қашпайды. Халық алдында сауысқаннан сақ саясаткерлер айтуға батылы бара бермейтін көптеген өзекті мәселелер бойынша ол әрдайым өз пікірін ашық білдіріп жүретіні – қазір қалыпты жағдай. Оның дәлелі – Спикер кезінде әлемге танымал ВВС арнасына берген сұхбаты. Шетелдік тілшінің өзекті сауалдарына өзіне тән байсалдылықпен жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының сайлауға түспеуі мүмкін деп алдын-ала болжай алды. Әрине, мұны саясатты бес саусағындай білетін адамның көрегендігі деп те батыл айтуға болады.

Ол  неге халықпен ашық болуды қалайды?   Оның басты себебі, Қасым-Жомарт Тоқаев күнделікті мерзімді басылымдарды үзбей оқып отырады. Астын сызып оқиды. Сондықтан да ол халықтың ойын, оның арман-мүддесін терең сезінеді. Соған орай өзінің көптеген ойларымен ашық бөлісуді ұнатады.

Төртінші – Тоқаевтың әділдігі. Командалық жүйе деген бар. Бір облысты басқарған адам екінші облысқа өз командасымен көшіп-қонып жүреді. Басқару ісіндегі кадр саясатының ең бір солақай көрінісі осы болып тұрғаны рас. Бұл жағынан алғанда да Қасым-Жомарт Тоқаевтың ары таза деуге болады. Егер ол басқа қызметке ауысатын болса, өзімен бірге бір көмекшісін алып баруы мүмкін. Одан артық кадрларды сапырылыстыруға жол берген емес. Кез келген кадрмен бірге жұмыс істеуден қорықпайтын адам – нағыз білікті де таза адам.

Қасым-Жомарт Тоқаев – билік басында жүрген жылдардың бәрінде осы қағиданы дәлелдеп берген бірден-бір тұлға. Ол өзі басшы болған жердің бәрінде ең алдымен білімді және білікті кадрларға сұранысты қалыптастыра біледі. Сөз жоқ, мұндай сұранысты ең алдыңғы планға шығара білу – қоғамда әділеттіліктің орнауына апаратын ең төте жол. Әрине, ертең президент болып сайланса, ол жанына білікті де, білімді азаматтарды тартатынына күмән жоқ. Қазақстанның келесі президенті болуға мүмкіндігі зор идеалды тұлға осы бір ғана шаруаны жолға қою арқылы жемқорлық пен сыбайластықтың да тамырына балта шауып, елде толыққанды тәртіп орната алатынына сенім мол.


Олжас БЕРКІНБАЕВ,

сыртқы саясат және экономикалық зерттеулер институтының жетекшісі

Тегтер: елбасы, назарбаев, тоқаев, қазақстан, сайлау, президент, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.