«Алжир»: Қасірет қайталанбасын!

30 Мамыр, 2019 684 0

NewsROOM+. Өткен ғасырдың 30-40-ыншы жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Қазақ халқының көрнекті перзенттері де осы зобалаңның құрбандары болды.

Жыл сайын еліміздің барлық жерлерінде жоғарыда аталған тарихымыздың қасіретті беттерін, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады. Осындай іс-шаралар Елбасы кітапханасында да жыл сайын өтеді.

Осы дәстүр бойынша Елбасы кітапханасының ұжымы осыдан он екі жыл бұрын 31 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ашылған саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барып, қуғын-сүргін жылдары мерт болған, жалған жаламен жазықсыз жапа шеккен жандарға тағзым етті.

«АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені қызметкерлері «Қасірет қақпасы» монументінен бастап, мұражайдағы қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларын қайғырған бақытсыз әйелдердің тағдыры туралы, жалпы «АЛЖИР» лагерінің тарихынан сыр шертетін  құнды жәдігерлермен жан-жақты таныстырды.

Сондай-ақ, Елбасы кітапханасының қызметкерлері «сталиндік тәртіп» кезінде мыңдаған ұлт өкілдері қасиетті қазақ жерінен пана тапқанын, дархан қазақ халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын жылы қабылдап, бір түйір нанымен бөліскені туралы мәліметтер алды.

Ең қызығы, саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмірін «Алжир» лагерінің тұтқындары асыл тасқа балаған қазақтың құрты сақтаған екен.

Экскурсия аясында келушілерге «АЛЖИР» – «Отанын сатқандардың Ақмола лагері» атауымен 1937 жылы құрылған түрменің өте салқын «барактарында» өмірлерін азаппен өткізген саяси қуғын-сүргін құрбандары - әйелдердің, олардың ұрпақтарының естеліктерінен тұратын деректі фильм көрсетілді.  

Экскурсия соңында Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов тарихтың ащы шындығы арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды миссияны орындап отырған «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені ұжымына ризашылығын білдіріп, қонақтар Кітабына тілегін қалдырды.

Сондай-ақ, мұражай кешенінің директоры Самат Тергембаевқа Елбасы кітапханасы атынан «Алғыс хат» тапсырып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» және саяси ғылымдардың докторы, профессор М.Б.Қасымбековтің авторлығымен шығарылған Елбасының қайраткерлігі туралы «Назарбаев моделі» кітаптарын тарту етті.

Өз кезегінде С.Тергембаев Елбасы кітапханасына музей ұжымы шығарған саяси қуғын-сүргін құрбандары балаларының естеліктер жинағы «Ұрпақтар ұмытпайды. Помнят потомки» кітабын тарту етті.

Тегтер: алжир, ашаршылық

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.