Арман Қырықбай: Елдің ықыласы біздің партияда

Арман Қырықбай: Елдің ықыласы біздің партияда

ашық дереккөзі

 width=

Қадірлі ағайын!

Елімізде тұңғыш рет қатар өтетін Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауға небәрі 3 күн қалды. “Nur Otan” партиясының мақсаты айқын – асқан басымдықпен жеңіске жетіп, халықтың сенімін, ақ-адал аманатын арқалау. Келесі бес жылда еліміздің дамуын, Тәуелсіздігіміздің нығаюын мақсат еткен Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатына қажетті қолдау көрсету. Атқарылар оң істердің басында болу. Жеңіске ешқандай күмән жоқ. Бір ай ел аралағанды түйгеніміз – елдің ықыласы біздің партияда. Бұл – айдан анық. “Nur Otan” үшін сайлаудың демократиялық талап-тілкетерге сай, мейлінше әділетті өткені өте маңызды. Партия сайлау күні қандай да бір арандатуды болдырмауға күш салады. Қалыптасқан, мығым мемлекеті, құзырлы органдары бар, салиқалы, сабырлы халқы бар біздің елде 10 қаңтарда әділ сайлау өтетініне еш күмән жоқ. Мұны қамтамасыз ететін тағы бір қосымша топ – ол біздің партиямыздың сенімді өкілдері мен байқаушылары. Иә, бақылаушы емес, байқаушылары. Партия бір мезетте елдегі 10 мыңнан астам сайлау учаскесіне 30 мыңдай байқаушы мен сенімді өкіл жіберуге, сөйтіп қала мен ауылдағы барша сайлау учаскелерін бастан-аяқ қамтуға тастүйін дайын. Мұндай көлемде байқаушыларды ешібір саяси күш топтастыра алмасы анық. Біздің байқаушылардың міндеті - арандатуға жол бермеу, заң үстемдігін қамтамасыз етуге күш салу, яғни түптеп келгенде елдің бірлігі мен берекесіне қызмет ету. Байқаушы деген атында тұрғандай, құзырлы сайлау комиссияларының мүшелерінің жұмысына кедергі болмай, байқап-бақылау, қатесі болса айту. Болмашыға байбалам салып, елдің шырқын бұзбай таза заң аясында қимылдау, тәртіппен талап ету. Басқа партиялар мен тәуелсіз байқаушылардан да біз осыны күтеміз. Барша сенімді өкілдер мен байқаушыларға жемісті еңбек, барша қазақстандықтарға қайырлы, құтты сайлау тілейміз! P.S. Кеше ғана кестеміздегі соңғы нүкте – Өскеменде болып, жастармен, волонтерлермен, бақылаушылармен кездестім. Қаңтардың 10 күні болатын жұмысты егжей-тегжейлі талқыладық. Шығыстық нұротандықтардың барлығы жеңісті де жемісті жұмысқа білек сыбана кіріскелі отыр.

Жүктелуде...