Елдегі эпидемиологиялық ахуал

Елдегі эпидемиологиялық ахуал

ашық дереккөзі

 width= Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша жасыл аймаққа кіріп, жаңа жылды жақсы жаңалықпен бастады. Бұл жайында Денсаулық Сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Қазір тек Атырау облысында ғана жағдай ушығып, өңір қызыл аймаққа кірген. Өткен тәулікте ел бойынша 645 адамнан вирус қоздырғышы анықталған. Жалпы ел ауруханаларында дерттен 22 мыңнан астам қазақстандық емделіп жатыр десек, оның әрбір оныншысының жағдайы мүшкіл екен. Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Әлемді алқымынын алған пандемия қазір 220 елді жайлап, 85 миллион адамға жұққан. Екі миллион жан дерттің құрбаны болыпты. Елдегі жағдай жазға қарағанда әлдеқайда тыныш, дейді еліміздің бас дәрігері. Алексей Цой ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Қазір еліміз тәуекелі төмен аймақта тұр. Тәуекелі жоғары аймақта немесе қызыл аймақта Атырау облысы қалды, сары аймақта алты өңір- Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары тұр». Алдағы сайлау науқанында эпидемиологиялық ахуал ушығып кетуі мүмкін. Сондықтан сайлау учаскелері, дауыс беру кабинкаларының бәрі қазір санитарлық талаптарға сай орнатылуда. Сайлау комиссияларының мүшелері мен бақылаушылар әрбір үш сағат сайын ауысатын болады. Олардың бәрінен бюджет есебінен ПТР сынамалар алынбақшы. Дене қызуы бар сайлаушылар оқшауланған кабинкаларда дауыс береді. Ажар Гиният ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары: «Енді сайлаушыларға қойылатын талап ол күндегі талаптарға сай. Келген сайлушылардың бәрінде бетперде болуы керек. Және де өздері үшін оқшаулау режимін белгілеп, ара қашықтықты сақтап, учаскеге кіргенде барлық талаптарды сақтау керек». Қазір әлемде он үш вакцина клиникалық сынамалардың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Арасында отандық дәрі де бар. Оны бірнеше министр мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың да салдырғаны белгілі. Ал елдің бас дәрігері бұл науқанға әлі қатыспаған. Алексей Цой ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Қазіргі уақытта менің кейбір әріптестерім сынамадан өтіп жатқан отандық вакцинаны ерікті ретінде салдырды. Денсаулық сақтау министрі болғандықтан мен мұндай қадамға бара алмаймын. Өйткені мен екпе салдырсам, бұл бүкіл елді осы шараға үгіттеген болып саналамын. Вакцинаның қауіпсіздігі толық дәлелденбей, мен халықтың басын бұлайша қатерге тіге алмаймын». Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы ресми тіркеген Pfizer фирмасының вакцинасы бізде тек жаз айында ғана пайда болуы мүмкін. Бұл ретте шетелдіктермен келіссөздер жүріп жатыр екен. Алайда, соңғы күндері оның қауіптілігі жайында көп айтылып жүр. Егілген жандар аллергияға шалдығып, кейбірі тіпті жансақтау бөлімінен бір ақ шыққан. Ал вирустың жаңа, балаларға қауіпті штаммы Тайланд пен Кипрге де жетті. Кәрі құрлық елдері мен Жапония қазір қатаң карантинге көшкен. Абырой болғанда, әзірге біздің ел тыныш. Әлем ғалымдары вирус тек 2022 жылдың соңында ғана ауыздықталады деп отыр.

Жүктелуде...