Қытай қазақтан қыз алса, 2 млн теңгеге жуық квота береді - Қытайдан келген қандасымыз

15 Маусым, 2018 1091 0

Қытайға қызыңды берсең, 2 миллион теңгеге дейін сыйақы аласың. Елге оралған қандасымыз көрші мемлекеттегі саясаттың қалай жүріп жатқанын ашып айтып берді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Шыны керек, соңғы уақытта көрші мемлекетке қатысты жағымсыз ақпараттар көптеп айтылуда. Сол жақтың өмірін көріп, тарихи отанына оралған қандасымызбен тілдестік. Қазақ мектептері жабылып, қос қызы қазақ тілінде білім ала алмаған соң Күлпаш Кәдірбек елге қайтқан.
«Біз сол Қытайдың саясатын, Қытайдың қысымын сол жерде жүріп, көп білмейміз ғой. Осы Қазақстанға келіп білдік. Ол жерде бейберекет сөйлеткізбейді. Бейберекет сөйлемейміз. Жиын-той болмайды ол жерде. Ол 2011 жылдан басталды. Бұрын ұйғырларға солай болатын, бірте-бірте бізге де келді. Қытай қазақтан қыз алса, сондай квота береді. Осы жақтың ақшасына шаққанда шамамен 1,5-2 млн теңге» – дейді Күлпәш Кәдірбек.
Көрші елдегі қандастарымыздың жағдайына қатысты сарапшылар да үнсіз қалмады. Қолдау білдіруге дайын екендіктерін білдіруде.
«Елбасымыздың ылғи да айтатын сөзі бар дүние жүзіндегі қазақтың жалғыз Отаны бар, ол – Қазақстан. Осы уәж рас болатын болса, біз Қытайдағы қандастарымыздың қиын жағдайына бейтарап қарамауға тиіспіз. Біз қалай болғанда да өзіміздің қандастарымыздың хақ құқын белгілі деңгейде қорғауға міндеттіміз деп ойлаймын» – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлы.
Моральдық тұрғыда құлшыныс жоғары болғанымен, заң талаптары кедергі. Қарапайым халық жаны ашығанымен, қолы қысқа.
«Бір нәрсені түсінуіміз керек. Ол жақтағы негізінен Қытай азаматы болған қазақтар ол әрине, Қытайдың ішкі мәселесі. Біз бұл жерден жаңағы қандастарымыздың жағдайына жанымыз ауруымыз мүмкін, айтуымыз мүмкін, оны көрсетуіміз мүмкін. Бірақ араласа алмаймыз. Біздегі мысалы орыс тілді азаматтар, орыстар, славяндар ойбай бізге қазақ тілін үйретіп жатыр, бізді құртып жатыр десе, Ресей келіп араласса, бізге жаға ма, ол да жақпайды. Бұл жерде мемлекетаралық мәселемен шешеді мұны» – дейді саясаттанушы Дос Көшім.
Ал ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның сөзінше, елде жүріп қандастарымыз үшін ашуланып, тепсінгеннен ештеңе өзгермейді.
«Қатты бір тепсінудің қажеті жоқ. Тепсінгенімен бірдеңе бітсе, тепсінеміз. Тепсінгенімен біреу санасайын деп жатыр ма? Қазақша айтқанда, сіздің ашуыңызды біреу қыстырайын деп жатыр ма? Сондықтан бұл мәселе басқа жолдармен шешілуі керек. Қазақстан мемлекетінде кейбір тетіктер бар. Соларды шебер пайдалану арқылы қандастарымыздың проблемасын шешуге болатын шығар деп ойлаймын» – дейді Бекболат Тілеухан.

Қытайдағы қандастарымыз да, оларға бей-жай қарай алмайтындар да отандық дипломаттарға зор үміт артуда. Өйткені, саясаттанушылар тілінде «Француз бағыты» деген атпен танымал саясат жүруі мүмкін деп отыр. Яғни, ел ішіндегі аз ұлтты ассимиляция жолымен бағындыру.


Дереккөз: http://www.matritca.kz

Тегтер: Қытай, қазақтар, миллион, сыйақы, ақша, қызберу, қытайландыру, оралман

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.