«Әуезов университеті – адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылады

28 Мамыр, 2019 365 0

NewsROOM+. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Адалдық алаңы» жобасы іске асырылады. Бұл туралы оқу орнының Медиа орталығы хабарлады.

Жобаны жүзеге асыру үшін ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова мен «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісім сессияның таза өтуіне, «Адалдық дүкенін» дамытуға және студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысын ілгерілетуге ықпал етпек.

– Бұл жоба оңтүстік өңірдегі оқу орындарының арасында алғаш рет ОҚМУ-да қолға алынып отыр. Мақсатымыз – университет студенттерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде азаматтық қоғаммен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ету. Алдағы уақытта өзге де жоғары оқу орындарымен осы тарапта бірлесе жұмыс атқарамыз деген сенімдеміз, – деп атап өтті Ерасыл Төлебаев.

Өз кезегінде ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова осы тарапта оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар турасында кеңінен атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында университетте бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жуырда «Адалдық дүкені» ашылды. Мұндай дүкендерді енгізу жастардың жағымды моральдық қасиеттерін, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдық сынды қасиеттерді дамытуға және қоғамда сенім атмосферасын құруға мүмкіндік береді, – деді Дария Қожамжарова.

Сондай-ақ жиында университет ректоры «Smart Sguare» студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысы турасында да атап өтті. Онда «бір терезе» қағидасы бойынша студенттерге сапалы және жылдам қызмет көрсетіледі.

– «Smart Square» студенттерге қызмет көрсету орталығында ашықтық пен қолжетімділікке жағдай жасалып, қызмет көрсетудің жоғары стандарттары қамтамасыз етілген. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға, білім беру сапасын арттыруға және академиялық адалдық қағидаттарын ілгерілетуге жағдай жасалған. Бұдан өзге білім алушыларға білім беру, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени бағыттар бойынша қызметтер ұсынылады, – деп атап өтті ОҚМУ ректоры.

Бүгінде орталықта 200-ге жуық қызмет түрі көрсетіледі. Ақылды технологиялардың көмегімен қызмет көрсету алаңында 40-50 студент бір уақытта қажетті анықтама алуға мүмкіндігі бар.






Тегтер: Адалдықалаңы, Әуезовуниверситеті

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.