Бұрын сотталған: MEGA-да қызды зорламақ болған ер адам түрмеден шығып, қайтадан бала зорлағысы келген

25 Мамыр, 2019 621 0

NewsROOM+. Бейсенбі күні қыздарымен сауда, ойын-сауық орталығына келген әйел дәретханаға олардың өздерін жіберіп, сыртта күтіпті. Сөйтсе, педофил кабинкаға кірген жеті жасар қыздың соңынан еріп, ішінен жауып алған. Шыңғырған дауысынан анасы жан ұшырып, күзетшілерге хабарлапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.

«Расында ондай оқиға болды. Біздің қауіпсіздік қызметі тез арада ұстап құқық қорғау органдарына табыстады. Қолма қол табыстады», - дейді сауда орталығы директорының орынбасары Қуат Әкімбаев.

Егер жеті жасар бүлдіршін айғайламаса, азғын дегеніне жетер еді. Алайда оның әйелдер әжетханасына қалай кіргені белгісіз. Үлкендер де, күзетшілер де аңғармаған, деп отыр орталық өкілдері. Ал негізі таңның атысы, күннің батысы сауда кешеніне келушілер қатары көп. Оның үстіне, мұнда балалардың көңілін көтеретін ойын-сауықтырар жерлер бар. Тапа-тал түсте адам аяғы көп орында болған сұмдық жағдайдан соң Ішкі істер министрлігі жеке күзет компанияларымен бірігіп, қауіпсіздікті күшейтпек. Себебі жалғыз полицейлердің қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға шамалары жетпей жатыр екен. 

«Әр азамат бірінші кезекте күзетшіден көмек сұрайды. Міне, күні кеше Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде әйелдер әжетханасында кішкентай қызды зорламақ болған адам ұсталды. Бүлдіршін шошып кетіп, сырттағы анасын шақырған. Ал ол күзетшіден көмек сұраған», - дейді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. 

Ал нәпсісін тыя алмаған қаскүнем 32 жаста екен. Ақтөбе облысының тумасы. Ауру қалса да, әдеті қалмайтындар қатарынан. Осыдан тоғыз жыл бұрын қыз балаларға азғындық жасағаны үшін сотталыпты. Бостандыққа шыққан соң сонысын қайта жасамақ болған. 

«Оның іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша сараланды. Бірер күннің ішінде бұлтартпау шарасы үшін тергеуге жіберіледі. Тергеуші бұлтартпау шарасын қамауға алуға ұсынатын болады", - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Изоляторда отырған күдікті расымен зорламақ болғанын мойындапты. Ал сауда орталығының тұрақты келушілері балаларын енді ойын алаңдарына да жалғыз жіберуге қорқып қалған. Әсіресе, сотталған педофилдерді қайта бостандыққа шығару қоғамға қауіпті, дейді. 

Ал министр жеті жасар қызды азғыннан арашалап қалған күзетшінің кеудесіне бірден медаль тақты. Сауда орталығының басшылығы осы оқиғадан кейін қарауылдар санын көбейтіп, әжетхананың ішіне дейін күзетші тұрғызып қойыпты. Яғни, енді ерлер мен әйелдер дәретханасына біртіндеп кіргізетін болады.

Тегтер: алматы, мега, зорлық

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.