Қазақ тіліне дұрыс аударылмаған фильм прокаттан алынады

24 Мамыр, 2019 435 0

NewsROOM+. «Кинематография туралы» жаңа заң аясында кинотеатрларда фильмдер қазақ тіліндегі титр арқылы көрсетілуде. Осы орайда фильмдердің сапасыз аударылуына байланысты сауалдарға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook-тегі парақшасында жауап берді.

«Кинокөрсетушілер фильмдердің қазақ тіліне аударылуын қамтамасыз ету барысында туындаған мәселемен бөліскім келіп отыр. Биыл қабылданған «Кинематография туралы» заңға сәйкес прокаттағы фильмдерді титр беру немесе дубляж арқылы мемлекеттік тілге аударуды кинопрокат құқығын иеленуші дистрибьютор қамтамасыз етеді. Мемлекеттік тілге кәсіби дубляж жасалған фильмдердің сирек кездесуінің себебін түсіндіруде дистрибьюторлар оның қымбатшылығына сілтейді. Дубляжға жұмсалған қаржы фильмнің Қазақстандағы көрсетілімінен түскен пайдадан асып түсуі мүмкін, сондықтан көбінесе титр арқылы аудармаға жүгінеді», - деп жазды министр.

Оның жазуынша, өкінішке қарай, фильмдерді қазақ тіліне аударғанда кейбір кинокөрсетушілер тарапынан қателерге жол беріледі.

«Мысалы, «Мумбай отелі: Тайталас» фильмінде осы жағдай кездесті. Көрермендерден түскен шағымдар негізінде аталған фильмнің прокатқа берілген куәлігін алып қою туралы шешім қабылдадық. Кинопрокат құқығын иеленушілерге фильмдерді мемлекеттік тілге грамматикалық қатесіз, мағынасын түсінікті етіп, көрермендердің ренішін тудырмайтындай қылып аударуды өтінемін. Қатаң шара қолданғымыз келмегенімен, «Кинематография туралы» заңның іске асуы біз үшін өте маңызды. Сіздер түсіністікпен қабылдайды деп сенемін», - деді министр. 

Айта кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желі қолданушылары кинотеатрларда фильмді қазақ тіліндегі титр арқылы берілуіне қатысты шағым айтқан болатын. Олардың жазуынша, титр тым сапасыз аударылған. Тіпті титр сөзінің ішінде қазақ тіліндегі сөзбен аралас орыс тіліндегі сөздер де кездеседі.

hola news

Тегтер: Кинематография, заң, қазақтілі

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.