Сапарбаев: Мен де "грузчик" болдым (видео)

19 Мамыр, 2019 534 0

NewsROOM+. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Машбекұлы The эфир бағдарламасына сұхбат берді деп хабарлайды newsroom.kz, qamshy.kz сілтеме жасап. 

Бердібек Сапарбаев сұхбаттың басында өзінің әлеуметтік желіге тіркелмегенін айтты. Себебі оның әлеуметтік парақшаны жүргізуге уақыты жоқ.

"Егер мен әлеуметтік желіде жұмыс істейтін болсам қазіргі жұмысымның жартысын тастауым керек болады. Шынында уақытым жоқ. Өзім кешкі 21:00-ге дейін жұмыста болып, үйге түнгі 22:00-де келемін. Кейіде түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істеймін. Себебі өзімнің аяқталмай қалған жұмыстарым болады. Содан соң мен түнгі 02:00-ге дейін әлеуметтік желілерде отыратын болсам, қай кезде мен демаламын?!", - деп түсіндірді министр.

Кейін министр өзінің бір күндік өмірі турал айтып берді.

"Таңертең әлеуметтік желілер мен сайттарды қарап шығамын. Кейін бізге байланысты сыни мәселелерді өзімнің орынбасарларым мен баспасөз хатшыларыма тапсырма беремін", - дейді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев министр болғаннан бастап орын алған өзгерістер туралы да сөз қозғады.

"Өзгерістің біреуі әсересе көп балалы және аз қамтылған отбасыларды аз да болса тыныштандырдық. Өзіңіз қарайтын болсаңыз, қазір әлеуметтік желілерде осыдан 2 ай бұрынғы мәселелер мен қазіргі мәселелерді салыстыруға келмейді. Яғни, күрделі мәселелер толықтай деуге болмас, бірақ азайды. Көбісі үшін жаңа атаулы әлеуметтік көмекті алу маңызды болды. Көпшілік атаулы әлеуметтік көмекті уақытылы бермейді, Үкімет тапсырманы орындамайды деп ойлады. Біз мерзімінде орындадық. 1 сәуірден бастап жаңа атаулы әлеуметтік көмекті бере бастадық. 15 мамырға дейін 178 мың отбасыға 30 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек берілді. Әрине бастапқы кезде қиыншылықтар мен кемшіліктер болды. Сондай-ақ Елбасы мен мемлекет басшының тапсырмасымен барлық өңірлерді аралап шықтық. Сол кезде біз егжей-тегжейлі түсіндірген болатынбыз. Отбасыларға барып, олардың тұрмыстық жағдайларын көрдік", - дейді Бердібек Сапарбаев.

"Жәрдемақыны біз отбасының айлық табысына қарай жарты немесе бір жылға есептейміз. Егер жарты жылдың ішінде отбасының табысы өзгеретін, яғни көбейетін болса біз жәрдемақыны тоқтатын боламыз. Ал зейнетақыға келетін болсақ, біз әрдайым айтып жүрміз. Зейнетақы зейнеткер үшін беріледі. Бұл солардың өз шығындарын жабу үшін бірледі. Қазіргі таңда зейнетақының орташа мөлшері 60 мың теңгеден асады. Ең көбі 100 мың теңге. Яғни бұл зейнеткердің өзіне жеткілікті деуге болады. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда біздің зейнетақының орташа мөлшері жаман емес. Бірақ  сәуірден бастап аз қамтылған отбасыларға, алтын, күміс алқа алған аналарға, мүгедектерге берілетін жәрдемақы мен шәкіртақы табыс көзі ретінде есептелінді. Алайда біз мұны алып тастадық. Тек жеке қосалқы шаруашылықты есептеу кезінде үлкен өзгеріс енетін болады. Әлеуметтік желілерде "біздің тауығымызды, жұмыртқамызды есептейді. Үйге келіп тоңазытқышымыздағы тамағымызды қарайды", - деп айтқандар болды. Мұның бәрі дұрыс емес. Ешкімнің тоңазытқышыңызды немесе үйіңізді тексеруге хақы жоқ! Малды есептеген кезде де мұқият болуы керек. Мысалы бір үйдегі сиырдан нақты пайда бар ма, жоқ па? Сиырдан сүт шықпайтын болса одан пайда жоқ. Сосын бір үйде жалғыз сиыр болса, оны барып олар сойып тастамайтыны анық. Бұдан да пайда жоқ. Яғни шығыны да, пайдасы да есептелу керек", - дейді Бердібек Сапарбаев.

Министр сұхбат барысында өзінің өткен күндерін де еске алды.

"Көптеген жастар ауылға барып, жұмыс істегісі келмейді. Жалақысы аз дейді. Аздан бастау керек. Егер сен жақсы жұмыс істеп бүгін 50 мың теңге алсаң, ертең 60 мың теңге алатын боласың. Енді бәріміз де жас болдық, бәріміз де солай бастадық қой. Ешкім бірден бастық болып 200-300 мың теңге алған жоқ. Барлығы бірден келмейді ғой. Мен де "грузчик" болдым. Өйткені маған жанұямды асырау керек болды", - деді министр.

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.