Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі қалалық жедел штабта 16-18 желтоқсан аралығында мереке күндері сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, базарлардың жұмысы туралы мәселе қаралды. Жоғарыда аталған нысандар мереке күндері қалалық санитарлық дәрігер Жанна Пірәлиеваның қолданыстағы қаулысына сәйкес әдеттегідей сағат 23: 00-ге дейін жұмыс істейді, деп Newsroom+ақпарат агенттігі хабарлайды.
19 желтоқсан, сенбі күні жұмыс уақыты - 20: 00-ге дейін. 20 желтоқсан - жексенбі - ірі сауда орталықтарындағы бутиктер жұмысы тоқтатылады. Онда дезинфекциялық шаралар жүргізілетін болады. Ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында орналасқан дәріханалар, гипермаркеттер, азық-түлік дүкендері клиенттерге жексенбіде қызмет көрсете алады.
Осы нысандарда және олардың аумағында орналасқан аттракциондарды, балалар ойын алаңдарын, ойын орталықтарын, кинотеатрларды, тамақтану алаңдарын пайдалануға қатаң тыйым салынады.
16-20 желтоқсан аралығында қоғамдық көліктер түнгі 23:00-ге дейін жүреді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханалар да тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Науқастарды ауруханаға жатқызу аумақтық негізде және жедел түрде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары 8: 00-ден 20: 00-ге дейін жұмыс істейді, үйге шақыру қызметтері 18: 00-ге дейін ұсынылады.