«Nur Otan» сайлаушыларды 100% қамтиды – Бауыржан Байбек
«Nur Otan» сайлаушыларды 100% қамтиды – Бауыржан Байбек

«Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев тапсырғандай, үгіт-насихат науқаны аясында біз сайлаушыларды 100% қамтуға тиіспіз. Бұл үшін барша партияластар, әсіресе, кандидаттар сайлау науқанына белсене атсалысуы керек. Пандемияны ескере отырып, қарқынды да нақтыланған жұмыс жүргізу маңызды. Біз бұқаралық іс-шаралардан нақты бағдарланған жиындарға көшеміз. Нақты әлеуметтік топтар – зейнеткерлер, жұмысшылар, аграршылар, мұғалімдер және дәрігерлермен кездесеміз. Оларды толғандырған мәселелерді жан-жақты талқылап, сайлауалды бағдарламада көрсетілген мәселелердің нақты шешімін әрбір сайлаушыға қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет. Шалғай ауылдарға дейін бару керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыра отырып, біз көпшіліктің мәселесін тыңдап қана қоймай, оларды шешуіміз керек. Біз партия мен қоғам арасындағы кері байланысты нығайтып, азаматтардың талап-тілектерін жинауға тиіспіз. Үгіт-насихат науқанымыздың басты қағидасы – тұрғындармен тікелей және шынайы диалог орнатуға негізделеді», – деп атап көрсетті Бауыржан Байбек.Сонымен, тек Республикалық сайлауалды штаб аясында ғана 35 қала мен 82 ауданда 300-ден астам іс-шара өткізіледі. Облыстарда, қалалар мен аудандарда барлық 6,4 мың кандидат сайлаушылармен кездеседі. Онлайн-технологияларды ескерсек, жалпы іс-шаралар кемінде 9 миллионнан астам қазақстандықты қамтиды.
«Жыл бойы біз өңірлерге барып, тұрғындармен кездестік, әлеуметтік зерттеулер жүргіздік, сарапшылармен кеңесіп отырдық. «Nur Otan»-ның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне түскен барлық өтініштерге талдау жүргізілді. Праймериз барысында кандидаттарымыз азаматтардың 17 мыңнан астам өтінішін жинады. Солардың негізінде біз барлық әлеуметтік топтардың мүддесін қамтитын 250-ден астам нақты индикаторды анықтадық», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін nurotan2021.kz арнайы сайты іске қосылып, онда барлық сайлауалды бағдарлама мен партиялық тізімдер жарияланған.
