Сөзімізге сақ болайық

14 Мамыр, 2019 543 0

NewsROOM+. Москвада бір түрікмен жігітпен әңгімелесіп қалдым. Ұзын бойлы, көрікті. Ата сақалды бұлар иегіне оздырмай тамақтан қояды. Бәрі-бәрі бойына жарасып тұрды. Кәсіпкер екен. Сөзіміз үйлесіп жүре берді.

– Сен бізге жиен болғанмен, тегің қазақ қой, – деп әңгіме бастады. – Бос сөзге үйір халық екенсіңдер.

Бұлардың уәдешіл, мәрт, ешкімді сатпайтын ел екенін білсем де, шамданып қалдым.

– Дәлелмен сөйле.

– Айтайын, – деді нағашым. – Кешегі 2000 жылдары бір қазақ азаматымен бірігіп бизнес жасадым. Қолымыз жүріп берді. Табыс түсіп жатты. Бір принципті мәселеге келгенде екеуміздің ойымыз екіге жарылып, ерегістік те қалдық. Дау қызған сәтте қазағым «Мен сені өлтірем. Қаныңды ішем!» десін. Шошып кеттім. «Өлтір!» деп қарсы алдына тұра қалдым. Жоқ, өлтірер емес. Мен тосып тұрмын. Кейін сабасына түскен соң сұрадым. «Неге айтқаныңды орындамадың?» – деп. «Е, жай сені қорқытайын деп айтқанмын», – деп қарап тұр. Сосын қой, мынау маған жолдас болмайды екен деп іргемді аулақ салдым.

– Неге?

– Түрікмендер текке сөйлемейді. Қастасқан дұшпанын өлтірем деді ме – өлтіруі тиіс. Оны істемесе ез деген ат алады. Ешкім оны адам қатарына қоспайды. Санаттан шығарады. Тіпті өз ажалы да сол өз сөзінен келуі ғажап емес. Солай, жиен! Сөзге сақ болу керек. Үнсіз мойындадым.

Раxымжан ОТАРБАЕВ

Қуат Ахметжановтың фэйсбуктағы парақшасынан алынды

Тегтер: түрікмен, кәсіпкер, оқиға

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.