Валюта нарығында ахуал тұрақты – Ұлттық банк

14 Мамыр, 2019 728 0

NewsROOM+. Ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты, бағам белгілеу ҚР Ұлттық банкінің қатысуынсыз сұраныс пен ұсыныстың нарықтық факторларының негізінде орын алып отыр, деп хабарлайды newsroom.kz Ұлттық банкке сілтеме жасап.

Ұлттық валюта бағамы жыл басынан бері бір АҚШ доллары үшін 384,2 теңгеден 379,43 теңгеге дейін нығайды.

Бағам белгілеудің іргелі драйверлері оңтайлы қалыптасуда. Мәселен, жыл басынан бастап мұнай бағасы бір баррель үшін $54-тен $70-ке дейін өсті. Мұнай бағасының өсуі, сондай-ақ шетелдік портфельдік инвестициялардың әкелінуі аясында жыл басынан бері Ресей рублінің нығаюы байқалады.

АҚШ ФРЖ риторикасының пайыздық саясатқа қатысты жұмсаруы да ақша ағындарын дамушы нарықтарға қайта жіберуге және қазақстандық активтерге деген сұранысқа ықпал етеді.

Алайда орын алып отырған АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда қақтығысының шешілуіне қатысты белгісіздік барлық дамушы елдердің валюталарына қысымды сақтайды.

Төлем балансының жай-күйі жақсаруда. Алдын ала бағалауға сәйкес 2019 жылғы 1-тоқсандағы ағымдағы шот $834,8 млн деңгейінде күтіледі. Ағымдағы шоттың профициті қатарынан 2 тоқсан ішінде теңгенің нығаюына алғышарттар жасайды.

Сәуірдің соңында жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың активтері жылдың басынан бері 58 млрд АҚШ долларынан 59,3 млрд АҚШ долларына дейін өсті.

Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері сәуірде 0,2%-ға ұлғайып, 2019 жылғы 1 мамырда 27,1 млрд АҚШ долларын құрады. Қажетті минимум 3 ай болған кезде олардың көлемі тауарлар мен қызметтер импортының шамамен 8 айын құрайды. Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, жалпы халықаралық резервтер сәуірде 0,4%-ға өсті.

Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтерінің көлемі сыртқы борышқа және тауарлар мен қызметтер импортына қызмет көрсету бойынша макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті болып табылады. Жыл басынан бастап резервтер көлемінің төмендеуі сыртқы міндеттемелерге, оның ішінде Үкіметтің сыртқы борышы мен квазимемлекеттік секторға қызмет көрсету, сондай-ақ салымдарды долларсыздандырудың жалғасуына байланысты екінші деңгейдегі банктердің корреспонденттік шоттарынан қаражаттың әкетілу салдары болып табылады.

Ұлттық банк жекелеген сарапшылардың арандатушылық бақылауына және болжамдарына ермеуді және тәуекелді алыпсатарлық операцияларды жүзеге асырмауды ұсынады.

Ұлттық банк валюталық нарықтың жай-күйіне тұрақты негізде мониторинг жүргізуді жалғастырады және қажет болған жағдайда қаржылық тұрақтылыққа қауіпті болдырмау бойынша қажетті шаралар қабылдайды.

Тегтер: экономика, валюта, ақша, нарық

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.