Бір кем дүние-ай?!
Бір кем дүние-ай?!
Ай жүзі шуақ шашып, мөлдіреген көздері жәутең қағады. Шашының бұйрасы да өзіне ерекше көрік беріп тұрғандай. Әдемілігі мен бет-жүзін суретші қаламмен әсем өрнектегендей. Бөбектің аты Ақбөбек. Сүйкімді қылығы өзіне жарасымды-ақ. Томпаңдаған қадамына сырттай сүйсініп қарайсың?! Осы күнге де "тәуба" деп іштей қуанды. Анасы көз жасын бір сығып алды. Былдырлаған тілімен өзіне қаратты бөбегі.
-Ақбөбек, келе ғой, жаным. Үйге қайтамыз.
Сірә, қызының үйге қайтқысы жоқ. Баланың әдеті емес пе? Көшеге шықса, қайта үйге кіргісі келмейтін. Анасы ұялы телефонына қарап қояды. Үш сағаттан астам уақыт өтіп кететін болды деген уайым. Қызына тағы ескертті. Баласының да көңілін қиятын емес.
"Басқа салғанға көнбеске амал бар ма?", "Құдай да сүйген құлына көтере алатындай етіп сынақ береді", деген басу сөздерді жақынынан да, танысынан да естиді. Есіте береді. Неге бұндай болғанын өзі де білмейді.
Асқар мен Зарина бір-бірін қатты жақсы көрді. Екеуі сүйіп қосылды. Жарасымды жұпқа таңдай қағып қарамайтын адамдар жетерлік. Ешкімнен артық немесе кем емес, жұртпен бірге өмір сүріп келе жатқан. Айы, күні жетіп, араға тоғыз ай салып, дүниеге тәп-тәтті қыздары да келді. Күн артынан ай өтіп, сүйкімді Ақбөбегі өсіп келе жатты.
Бір күні түнде шырылдап жылады. Шошыған болар. Одан кейін дене қызуы көтерілді. Тісінен болар. Алты айлық баланың тілі жоқ, не деп айтсын?! Шырқырап жылағаннан басқа? Жедел жәрдем, емхана мен ауруханалар мен үйдің ортасында жүруге тура келді. Себепсіз ауруын емдеумен есепсіз дәрі-дәрмекті қабылдауға көшті. Махаббатына берік отбасы балапандарының өміріне араша түсуге барын салды. Алты ай әлекке түскен олар, бала іште жатқанда қуық жетіспеушілігімен туылған деген қорытындыны есітті. Онысы аздай осы күнге дейін беймәлім ауруын емдеп жүргенде көп дәрілердің кесірі қос бүйрегін зақымдаған. Ота жасату керек деп шарқ ұрып, екі ота жасатты.
Жұдырықтай жүрегінің соғуының арқасында, екі отадан аман қалды. Ақыры аурухана өз үйлеріне айналғалы қашан. Өмір мен өлімнің арасында жатқан сәбиінің бетін бері қарату үшін ата-ананың жасамағаны жоқ. Қымбат ауруханаларға, дәрігерлерге көрсетпеген жері қалмады. Барлығының айтары тек біреу ғана "күту керек". Амалы таусылған отбасы халық арасында кеңінен таралған сенім бойынша "емшілерге де" барады.
Бармаған жері, көрсетпеген емшісі қалмады. Емшілердің барлығы қолдарынан келмейтінін айтып, шығарып салады. Арада уақыт салып, бір дәрігер туралы есітіп, сол кісінің қабылдауына кіреді. Қуық пен бүйректің ортасына "сақтауыш гелімен" ота жасау арқылы қорғаныс қояды. Осылайша ақ халатты абзал жан қуық өздігінен жұмыс істеп кетуіне амалдар жасалып, өмір сүруге үміт сыйлайды. Алайда әр үш сағат сайын зәрді шығарып тұрмаса, аурудың қайталап кетуін қадап айтады.
Зарина осы күніне шүкір айтудан жалықпайды. Күндердің бір күнінде баласының жазылып кетуіне сенеді. Ауруын жіберген жаратқан, шипасын да берері анық екенін сезеді.